Павлодар қаласында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған «Таза аула» қалалық байқауы қорытындыланды. Байқау бір айға созылды. Онда көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларының санитарлық жағдайы сарапталып, абаттандырылу ахуалы бағаланды.

Үздік деп танылған аула тазалығы мен ұқыптылығы арқылы комиссияның жоғары бағасына ие болды. Тұрғындардың айтуынша, аула тазалығы – бір адамның емес, барша көршінің ортақ еңбегі. Мұнда тұрғындар әр іске бірлесіп атсалысады. Балалар алаңын күтіп, гүлдер отырғызып, ауланы үнемі таза ұстайды.

Галина Щёлокова, Павлодар қаласының тұрғыны

Біз бірнеше жылдан бері үйімізді әрқашан жөндейміз. Подъездер, шатыр мен жертөле толық жаңартылды. Ауладағы сенбіліктерге тұрғындардың барлығы белсенді қатысады. Тіпті балалар мен үлкен кісілер де шығады. Биыл байқауға алғаш рет қатысып, жеңіске жеттік. Үйімізге 50 жыл толды, осы жеңісті соған арнадық. Қазір ауламызда толық асфальттау жұмыстары жүргізіліп, аула келбеті жаңарып жатыр.

Мәншүк Истаева, Павлодар қаласының тұрғыны

Осы үйде мен 20 жылдай тұрамын, 7 подъезде. Өзім гүлді жақсы көремін, үнемі шығып гүл егемін. Күн сайын шағамыз, гүлдерге су құюға. Қазір ыстық, сондықтан өліп қалуы мүмкін. Өзім пенсиядағы адаммын, басқа не істеймін, уақытым бар.

Байқаудың мақсаты қала тұрғындарын тазалық сақтауға, аулаларды күтіп ұстауға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға ынталандыру болды. Комиссия мүшелері аулалардың тазалығына ғана емес, тұрғындардың белсенділігіне ерекше назар аударды. Байқауға қала бойынша көпқабатты тұрғын үйлерден 20 өтінім түсті.

Мақпал Қаржаубай, Павлодар қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы

18 сәуір мен 18 мамыр аралығында Павлодар қаласында «Таза аула» қалалық байқауы өткізілді. Байқау келесі критерийлер бойынша бағаланды: аула аумақтарының санитарлық жағдайы, балалар және спорт алаңдарының күтімі, жарықтандырудың болуы, аулаларды көгалдандыру және абаттандыру, кіреберістердің жағдайы, ақпараттық тақтайшалардың болуы, жөндеу және сырлау жұмыстарының жүргізілуі, сондай-ақ тұрғындардың тазалық пен тәртіпті сақтауға белсенді қатысуы. Байқау қорытындысы бойынша келесі жеңімпаздар анықталды. 1 орын Толстой көшесі, 90, 2 орын Камзин көшесі, 130/3, 3 орын Сәтбаев көшесі, 350/1.

Мамандар мұндай байқаулар тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға ықпал ететінін айтады. Жеңімпаздар ақшалай сыйақыға ие болды.

Сабина Жолдаспаева