Май ауданы Малайсары ауылында балаларға арналған жаңа, заманауи ойын алаңы ашылды. Алаң жай ғана ашылып қойған жоқ, тұрғындардың ауылдық мерекесіне айналып, танымал әнші Роза Әлқожаның концертіне ұласты.
Жаңа ойын алаңының құрылысы осыдан бір жарым ай бұрын басталған болатын. Ауыл бүлдіршіндерінің игілігіне берілген нысан толығымен демеуші қаражаты есебінен бой көтерді.
Аспандияр Қайролла, Малайсары ауылдық округының әкімі
«Қаңтар айында демеушімізге ұсыныс жасаған болатынбыз осындай ойын алаңына. Одан кейін қолдау тауып, міне, 1,5 ай көлемінің ішінде жаңадан ауылда үлкен, заман талабына сай салынды. Барлығы ауылымыздың болашағы үшін жасалып жатыр. Әр баланың күлкісі – бұл ауылдың берекесі деп білемін. Айта кетейін, ауылымызда, мектебімізде 100-ден аса бала оқиды. Одан бөлек 0-ден 5 жасқа дейінгі 65 бала ауылымызда қазіргі таңда бар. Бүгінгі таңда да өте қуанышты жағдай – ашылу салтанатының кезінде де ауылымызда кішкентай сәби дүниеге келіп жатыр. Қажеттілік бар – ауылымыз дамушы ауылдардың қатарында.»
Жаңа нысанның ашылғанына үлкен де, кіші де дән риза. Ойын алаңы ауылдағы бүлдіршіндердің бос уақытын тиімді әрі қызықты өткізуіне үлкен септігін тигізеді.
Мапруза Жақсымбетова, Малайсары ауылының тұрғыны
«Біз өте қуаныштымыз. Мен өзім – әжемін. Осы бұрын алаңымыз болғанда, темірден істелінген, өте қиын жағдай болатын. Түлегіміз сондай, міне, бір өзі айтып, сондай көмегім болады деп жасап жатқан алаңы. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, халық риза болып жатыр. Балалар түгелі жиналып алған, енді 1-2 күнге мұнда жұмыстар болған. Соған қарамай, балалар да кеткісі келмейді. Әзер алып кеттім немеремді. Жиендерім қаладан келеді. Олар да мынаған келіп, жаздық демалыстарын өткізеді»
Назым Ерсайын, Малайсары ауылының тұрғыны
«Ойын алаңы балалардың қуанышқа толы, қызық әрі қауіпсіз мекені болады. Мұнда балалрға арналған замануаи жабдықтар орнатылған. Маған батут ұнады, спорт заттары ұнады, барлығы ұнады. Бос уақытта мен мұнда келіп, достарыммен бірге ойнаймын.»
Бұл қуанышты сәтке арнайы келген танымал әнші Роза Әлқожа ашылу салтанатына қатысып, ауыл халқына өзінің ақжарма тілегін арнады.
Роза Әлқожа, әнші
«Аядай ғана ауылда осындай бір үлкен балаларға арналған алаң салынып жатқанына өте қуаныштымыз. Өйткені барлығымыз да ауылдан шықтық. Небір таланттар да, спортшылар да, батырлар да – бәрі де ауылдан шығады. Сондықтан, бұл – үлкен сауапты іс деп ойлаймын және осы шараға халықтың қалауымен бізді шақырған екен. Бүгін концерт берейін деп жатырмыз. Өте қуаныштымыз. Бұрын келмеген жеріміз. Осындай жақсы жаңалықпен келіп жатыр екенбіз. Тағы да ел көркейе берсін, дами берсін.»
Шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Роза Әлқожаның ән кешін тамашалау үшін мәдениет үйіне жиналған халықтың қарасы қалың болды.
Биғайша Тупенова, Малайсары ауылының тұрғыны
«Мінекей, бүгін тағы концерт көреміз деп қуанып жатырмыз. Сол қуанышымыз көпке барсын. Өзімнің көзім көрмейді, далаға көп шыға бермеймін. Анда-санда осылай бір балаларым алып келгенде, келіп-қайтатын мезгілім болады. Әрине, жүрген жақсы, көрген жақсы дейді ғой.»
Балтабай Жетібаев, Малайсары ауылының тұрғыны
«Бүгін ойын алаңының ашылу салтанаты болды. Бұл – біздің малайсары ауылы үшін өте қуанышты күн. Еліміз аман, жұрт тиыш болсын. Тек жақсылықта, амандықта кездесейік. Мереке бүгінгі құтты болсын!»
Жаңа ойын алаңы мен мерекелік концерт ауыл өміріне үлкен қуаныш әкелді. Малайсары жұртшылығы алдағы уақытта да ауылды көркейтетін осындай жақсы жобалар жалғаса береді деп сенеді.
Жұлдыз Қабылденова