Балалар күні қарсаңында павлодарлық жомарт жүректі жандар бүлдіршіндерге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Тереңкөл ауданының Песчаное ауылында орналасқан ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері шаһарға қонаққа келіп, қызықты демалыс өткізді.

Қайырымдылық шараларын өткізу павлодарлық бір топ жанашыр жанның игі дәстүріне айналған. Бұл жолы да олар үрдістен жаңылмай, балаларға мереке қарсаңында қаланың көрікті жерлерін аралатып, жақсы көңіл-күй сыйлады.

Бұл күні 45 оқушы мен олардың ұстаздары қуанышқа кенелді. Олардың саяхаты алдымен өзен вокзалынан басталды.

Татьяна Саворовская, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау орталығы басшысының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

«Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау орталығының ұстаздар қауымы атынан келе жатқан тамаша мереке – Балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған шара үшін зор алғысымызды білдіргім келеді. Бүгінгі демалыс, Ертіс өзеніндегі теплоходпен серуен және балаларға қуаныш сыйлаған барлық аттракциондар үшін мың алғыс! Көп рақмет! Үлкендерге де, балаларға да өте ұнады.»

Әсіресе, жүздері бал-бұл жанған балалар мәз-мейрам болып, ерекше әсерге бөленді.

Владимир Кукин, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау орталығының 5-сынып оқушысы

«Мереке үшін, осы бір тамаша саяхат үшін көп рамет! Бүгін маған өте қатты ұнады. Маған теплоходпен серуендегеніміз, дәмді тағамдар және басқа да қызықтардың бәрі ұнады.»

Алина Янцен, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау орталығының 7-сынып оқушысы

«Маған бұл жерде барлығы ұнады. Теплоходқа осымен екінші рет мінуім. Жалпы, теплоходта өте керемет – жүріп бара жатып айналаны тамашалаған сондай күшті, салқын жел де есіп тұр.»

Ұйымдастырушылар мұнымен шектелмей, демалысты орталық саябақтағы аттракциондарда жалғастырып, концерттік бағдарлама мен арнайы сыйлықтар дайындаған.

Жұлдыз Қабылденова