Қазақстан футбол чемпионатының 12-туры аясында «Ертіс» алаң иесі ретінде өнер көрсетті. Астанада жерлестеріміз Жезқазғанның «Ұлытау» командасын қабылдады.

19-минутта Сағи Мәлікайдар қауіп тудырған, алайда, «Ертістің» қақпашысы Виталий Ботнарь командасын голдан құтқарып қалды. 24-минутта павлодарлық Темірлан Ағиманов есеп ашуға мүмкіндік алған еді, алайда бұл сәтте «Ұлытаудың» қақпашысы қырағылық танытты.

Ал 29-минутта павлодарлықтардың қорғаныс шебіндегі кезекті өрескел қателік ұлытаулықтардың гол соғуынас себеп болды.

«Ертіс» есепті 46 минуттан кейін теңестірді. Ауттан қосылған допты Даниил Нырков сәтті ойнатып, Владислав Климович соққы жасап, доп «Ұлытау» қорғаушысы Сағи Мәликайдарға тиіп барып жезқазғандықтардың қақпасына енді.

83-минутта Павел Седьконың соққысынан кейін Жан Морел По есепті өзгертуі мүмкін еді, бірақ «Ертіс» ойыншысы қарсылас қақпасына дәл соға алмады. Кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды.

Осылайша, павлодарлықтар қатарынан 8-ойынды жеңіссіз аяқтады. Қазақстан ұлттық құрамасының жолдастық кездесулеріне байланысты чемпионатта үзіліс жарияланды. 13 маусым күні 13-тур аясында «Ертіс» сырт алаңда «Астанаға» қарсы ойнайды.