Облыс орталығында Павлодар қаласының құрметті азаматы, ҚР көлік саласының еңбек сіңірген қызметкері, КСРО-ның құрметті теміржолшысы Әби Сарқыншақовқа арналған мемориалдық тақта ашылды. Ашылу салтанатына қатысқан тілші әңгімесінде.

Әби Сарқыншақов 1934 жылы өмірге келген. 1956 жылы Ташкенттегі Теміржол көлігі инженерлік институтын аяқтаған. Ол қарапайым теміржолшыдан бастап, орталық басшысына дейін еңбек атқарды. Оның 90 жылдығына арналып, Павлодарда өзі тұрған үйінде мемориалдық тақта ашылды. Шараға туыстары, дос-жарандары мен әріптестері қатысты. Бүгінде әке жолын қуып қызы, немерелері де теміржол саласында қызмет атқарып келеді.

ФАРИЗА САРҚЫНШАҚОВА, ӘБИ САРҚЫНШАҚОВТЫҢ НЕМЕРЕСІ

Өкінішке қарай, атамыз бізбен бірге емес, тірі болғанда 90 жасқа толар еді. Ол өте қамқор , ең жақсы ата болды. Барлығы оны жақсы біледі, бүгінгі шараға жиналғандардың көп болуы да осыған дәлел.

Әби Сарқыншақов аталған саланың дамуына сүбелі еңбегін қосып, «Ленин» ордені, «Құрмет белгісі» сынды түрлі марапаттарға ие болған. Павлодар облысының Алтын кітабына енген Құрметті теміржолшының ғұмыры, атқарған еңбегін әріптестері сағына еске алады.

СВЕТЛАНА ЦИВЕНКО, ӘБИ САРҚЫНШАҚОВТЫҢ ӘРІПТЕСІ

Әби Сарқыншақұлы екеуміз 1966 жылдан бастап 1994 жылға дейін жұмыс істедік. Ол ерік-жігердің, ақыл мен ойдың адамы еді. Алдыға қойған мақсатына міндетті түрде жететін жан болды. Әби Сарқыншақұлы жұмыс істеген жылдары Павлодар бөлімшесінің темір жолы көркейе түсті, оның қосқан еңбегі зор.

Темір жол саласында қызмет етіп, талай шойын бағытының мамандарын дайындаған Әби Сарқыншақовтың ғұмыры бүгінде көпке үлгі екені анық.

ҚЫМБАТ САДЫҚ, АЛЕКСЕЙ МЕХЕДОВ, ЕА