«Халық қаһарманы» атағының тұңғыш иегері Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл толды. Аталған шараға орай облыс орталығында батырдың құрметіне қорғаныс істері департаментінде салтанатты рәсім өтті. Алдағы сюжеттен көрейік.
Отанға қызмет ету, ел қорғау абыройлы іс. Биыл Кеңес Одағының батыры, халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл толды. Еске алу шарасына жиналған қонақтар қаһарманның ерлік жолын баяндап, еске алды. Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, Қарулы күштердің құрылуы мен қалыптасуында маңызды рөл атқарған алғашқы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың есімі ел тарихында мәңгі қалары анық.
Сағадат Нұрмағамбетов майданда да, әскери қызметте де алғы шепте болып, өмірінің елу жылдан астам уақытын осы салаға арнады. Батырдың рухын бағыштап, әскери сала мамандары, қоғам қайраткерлері 1 минутпен еске алып, ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойды. Оның мінсіз қызметі – Отанға шынайы адал қызмет етудің үлгісін, елге деген риясыз сүйіспеншілігін білдіреді.
Шараға жиналған қонақтарға Сағадат Нұрмағамбетовтың төсбелгісі табысталды. Салтанатты рәсім соңында "Сағадат" әні шырқалып, Павлодар гарнизоны әскери қызметшілерінің салтанатты шеруімен жалғасты. Батыр есімі ел есінде, мәңгі жадымызда сақталады.
Қымбат Садық