Еліміздің Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Екібастұз тұрғындарымен кездесті. Жүздесу барысында тұрғындар энергия көзімен қамту кезінде тарифтің негізсіз көтерілуі, оның дұрыс саналмауы және өзге де сауалдар қойылды. Толығырақ тілші әңгімесінде.

Шаһар тұрғындарымен ұйымдастырылған кездесуде алдымен елордалық мейман атқарылған істері жөнінде есеп берді. Екібастұз – энергетика қаласы. Елімізді 40 пайыз қуат көзімен қамтып отырған өлке. Бұл шаһарда екі жыл бұрын орын алған төтенше жағдай барлығына аян. Сондықтан, жиын барысында вице-министр алдағы жылыту маусымында жабдықтау жүйесін жаңарту жөнінде айтты.

Екібастұз- Үкіметтің ерекше назарында. Жылу беру орталықтарын жөндеу үшін қазына қаржысы жұмсалып, қазандықтар жөнделуде. Бұдан бөлек, Екібастұздың №1-ші электрастанциясының энергия блогы жаңартылады. Станция қуаты 4000 МВт. Сондай-ақ 2-ші электрстанциясында 3 энергоблогын салу жұмыстары жүріп жатыр. Жоба іске асырылған соң 2027 жылға дейін 1 мың 520 МВт-қа дейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл мәселелердің барлығы қала тұрғындарын ойландыратын. Кездесу соңында вице-министр журналистердің сұрақтарына да жауап берді.

Биыл өңірдің энергожүйесіндегі бес энергиялық блок пен турбиналарды, 15 қазандықты күрделі жөндеу жоспарланған. Бұдан кейін Энергетика вице-министрі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қойылған сауалдар назардан тыс қалмайтынын және кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.

Әйгерім Тоқпанқызы