Павлодарда тағы бір шенеунік пара алғаны үшін сотталды. Мемлекеттік қызметкер 1 миллион теңге үшін заң бұзуға бел буған. Ол павлодарлық ірі кәсіпорынға ірі айыппұлдардан құтылуға, сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік тексерулерін оңай өтуге көмектеспек болған. Сотталушы өз кінәсін мойындап, үш жылға бас бостандығынан айырылды.

ӘСЕМҚОҢЫР САЙРАН, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ №2 СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ

Ол 2021 жылдың желтоқсаны мен 2023 жылдың қарашасы аралығында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік мемлекеттік департаментінің Павлодар облысы бойынша салааралық бақылау және қадағалау департаментінің басшысы қызметін атқара отырып, ірі көлемде пара алған. Қазақстан Республикасының өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласындағы заңнамасының сақталуына тексеру жүргiзу және соңғысын әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тарту жөнiнде шаралар қолданбағаны үшiн «KSP Steel» ЖШС бас техникалық басшысынан 1 млн 399 мың теңге сомасында пара алған.