Успен ауданында тек негізгі елдімекендер мен тірек ауылдарда ғана емес, шағын елді мекендерде де ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға назар аударылуда.

Успен ауданы Тимирязево ауылындағы Мәдениет үйі 1985 жылы салынған, соңғы жөндеу жұмыстары 2014 жылы жүргізілген. Он жылдың ішінде мәдениет ошағы ескіріп, күрделі жөндеуді қажет етті. Биыл оны жөндеуге облыстық және жергілікті бюджеттен 168 миллион теңге бөлінген.

Санаулы күннен кейін құрылыс-жөндеу жұмыстары аяқталып, жарық, заманауи және жайлы ғимаратта өз көрермендерін қуантуға дайын хореографиялық және вокалдық студиялар өз жұмысын бастайды. Биыл Тимирязево ауылының тұрғындарын жөндеуден өткен Мәдениет үйі ғана емес, ауылішілік екі көшенің жаңа асфальты да қуантты.

Ал, шағын ғана Белоусовка ауылында жергілікті тұрғындардың қолайлығы мен жайлылығы үшін медициналық пункт күрделі жөндеуден өткізілді. Оған 40 миллион теңгеден астам теңге жұмсалыпты.

Дәрігер аптасына бірнеше рет ауылға келіп, азаматтарды қабылдап, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, кеңес береді, қажет болған жағдайда науқастарды аудандық, қалалық ауруханаларға жібереді.

Жанасыл Серікбол, Валентина Леонова