Павлодардағы аулалардың бірінде тұрғындар тоққа түсіп қаламыз ба деп қорқады. Ескі бағандар мен сымдар балалар алаңының үстінен өтеді. Былтыр тоқ кернеуінен бір бала зардап шеккен. Тұрғындар үш жыл бойы шенеуніктерден ескі тіректер мен сымдарды алып тастауды сұрап жүр. Бұған жауап қандай? Тілшіміз айтсын.
Әр нөсер жауын, жел соққан кезде Павлодардағы мына үйдің тұрғындары қорқып отырады. Электржелілері бұл аумаққа сонау 90 жылдары өткізілген. Олар жаттығу және балалар алаңы үстінен өтеді. Ескі сымдардың астында кішкентайлар жүгіріп ойнап, бағандарға мініп кетеді дейді тұрғындар. Сондықтан қайғылы оқиғаның алдын алу үшін ескі тіректерді жоюды сұрап отыр.
ЛЮДМИЛА ЮЗЮК, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Қайда барып, қайдан сұрамадық. Үшінші жыл қатарынан айтып отырмыз. Мынаның бәрі мына сымдармен өтеді. Былтыр қатты электр кернеуі болып, шоқтар ұшты.
САЙФУЛЛА САБАРОВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Мына сымдар міне қараңыздары салбырап тұр. Жел, жаңбыр болған кезде шоқтар ұша бастайды. Ол жерге түсіп, балаларға тиіп кетуден сақтасын. Ал, мына жерде қанша бала ойнап жүр. Жаңбыр болған кезде мүлдем қорқынышты, балалар ойнап мына тіректерді айналады.
Бір ай бұрын облыс орталығында жасөспірім баланы тоқ ұрған. Бұған дейін Жетісу облысында ойнап жүрген қыз бала электр тоғынан зардап шекті. Қуанышқа орай, бала аман қалды. Ал 2021 жылы Ақтаудан дәл осындай жарақаттан 14 жастағы бала қайтыс болды. Облыстық балалар ауруханасында жаз уақытында тоқ соққандар көбейіп кететінін айтты. Бұл өте қауіпті жарақат, ішкі ағзаны күйдіріп, жүрекке зиян тигізеді. Жарақаттан қаза тауып жатқан жағдайлар да жетерлік, дейді мамандар.
ФАРИЗА МИЛУШЕВА, ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ ҚАБЫЛДАУ БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ
Тоқ соққан жағдайда адам қайтыс болуы да мүмкін. Бұдан бөлек жүрек қан тамырлары ауруларына әкеліп, күйік алуға да болады.
Қалалық әкімдікте комиссия құрылып, Павлодар Электржелілік Тарату компаниясымен аумаққа барғаны туралы айтты. Бірақ тұрғындар әне-міне деген бос сөзден шаршаған көрінеді-ау, қазір прокуратураға өтініш дайындап жатыр.
Самал Қалиқызы, Валентина Леонова, Алексей Мехедов ЕА.