Парижде өтетін олимпиада ойындарына Павлодар облысынан жеңіл атлет – Ольга Сафронова қатысады. Өңір басшысы Асайын Байханов спортшымен кездесіп, алдағы бәсекеге сәттілік тіледі.

Франция астанасы Париж қаласында өтетін 33-жазғы олимпиада ойындары 26 шілде бастау алады. Додада халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ольга Сафронова бақ сынайды. Атап өту керек, ол – олимпиадаға жолдама алған жалғыз павлодарлық спортшы.

АСАЙЫН БАЙХАНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Облыс әкімі ретінде мен өңірімізде бүкіл әлем, миллиондаған көрермен алдында ел намысын қорғайтын, спортты жақсы көретін, салауатты өмір салтын ұстанатын адамдардың барына қуанамын. Сізге алдағы олимпиадада сәттілік тілеймін!

Кездесуге жеңіл атлетикадан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Виктор Кольев қатысты. Тәжірибелі маман Ольга Сафроновадан көп үміт күтетінін жеткізді.

ВИКТОР КОЛЬЕВ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ

Павлодар облысының спортшылары олимпиадада өнер көрсетуді дәстүрге айналдырған. Бұл дәстүрдің әлі де жалғасатыны анық. Спортшылымызға, әрине, алдымен сәттілік тілеймін. Ойлағандай нәтиже көрсетеріне сенемін. Дода аяқталған соң, қуанышқа бөленеміз деп ойлаймын.

Париж олимпиадасы жерлесіміз үшін – төртінші әлемдік дода болмақ: бұған дейін жеңіл атлет Лондонда, Рио-де-Жанейрода және Токиода өткен ойындарда ел намысын қорғаған. Десе де, бұл байрақты бәсекенің орны бөлек, себебі павлодарлық спортшы ұлттық құраманың ту ұстаушысы болып таңдалды.

ОЛЬГА САФРОНОВА, ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКАДАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӘРЕЖЕДЕГІ СПОРТ ШЕБЕРІ

Мен үшін жауапкершілік екі есе артты. Команда капитаны ретінде, өзгелерге үлгі болып, барлық спортшымызды жеңіске жігерлендіруім керек. Бұл – мен үшін үлкен абырой. Еліміздің намысын қорғап, олимпиаданың ашылу салтанатында туымызды көтеріп шығамын. Бізге қолдау көрсеткеніңіз үшін және облыста спорттың дамуына үлес қосқаныңыз сізге үшін алғысымды білдіремін.

Ольга Сафронова 200 метр қашықтықта жүгіруден бақ сынайды. Ел үмітін арқалайтын спортшымызға сәттілік тілейміз. Төрткүл дүние көз тіккен жарыста көк туымыз желбірей берсін!

Жұлдыз Қабылденова.