Жерлестеріміз «Қазақстан» Ұлттық арнасында ене мен келіндер арасында өткен «Тату-тәтті» реалити-шоуына қатысты. Хабар туралы олар арнамыздағы «Жаңа күн» бағдарламасында айтып берді. Алдағы сюжеттен көрейік.

Реалити-шоу форматындағы жоба ұлт мәдениеті мен салт-дәстүрді, отбасылық құндылықтарды насихаттап, ене мен келін арасындағы сыйластық пен құрметтің,қазақ келінінің бойынан табылуы тиіс қасиеттерді дәріптейді. Жобаға өңірімізден Гүлназ және Гүлжан Елеукеновтар қатысып, ене мен келін арасындағы мызғымас татулықтың үлгісін көрсеткен. Олар іріктеуден сүрінбей өтіп, тікелей эфирдегі хабарға қатысты.

ГҮЛНАЗ ЕЛЕУКЕНОВА, ҚАТЫСУШЫ

Бұл жобаның мақсаты – ене мен келіннің арасындағы бір нәзік байланысты көрсету. Отбасында болып жататын нешетүрлі жағдайлар, кикілжіңдер болады. Ене мен келіннің арасындағы ізеттілік, бір-бірі сыйлау, құрметтеу сияқты тақырыптарды талқылау болды. Павлодар өңірінің намысын қорғайық деп бел буып, келініміз екеуміз қатыстық.Жоба әлі жалғасып жатыр. Енді көрермендердің дауысымен финалға шығуға мүмкіндік бар.

Гүлжан Елеукенованың келін болғанына 10 жыл уақыт болған. Бүгінде жұбайымен 3 бала тәрбиелеп отыр. Ол енесінің қарапайымдылығын, келген күннен бастап қызындай көргенін айтты. Ал жобада келіндер ерекше ас әзірлеп, өзара сынға түскен.

Жерлестеріміз жобаны жартылай финалға жетпей аяқтасада, финалға өтуге үлкен мүмкіндік бар.Ол үшін көрермендер дауысы қажет. Айта кетейік, жобаға еліміздің түкпір-түкпірінен 32 жұп қатысты. Жоба жеңімпаздарына шетелге жолдама қарастырылған.

Қымбат Садық