Қазірде ауыл шаруашылығында жемістер мен көкөністерді өсіруде пестицидтер жиі қолданылады. Өсімдіктерді зиянкестерден сақтағанмен, химиялық қосылыстардың залалы да аз емес. Бактериялық күйіктен 50 мың гектарға дейін егін шығынға ұшырауда. Осы орайда, павлодарлық фермерлерге өсімдік ауруларымен күресудің заманауи әдістері көрсетілді.
Пестицидтер организмге және топыраққа зиян келтіріп, қоршаған ортаны ластайды. Ал дихандар соңғы кезде өсімдіктерді зиянды организмдерден қорғау үшін пестицидтерді бақылаусыз және интенсивті қолданып жүр. Таза топырақты сақтау, халықтың денсаулығын қорғау үшін химиялық қосылыстардың мөлшері мен өңдеу мерзімін азайту қажет.
ГҮЛМИРА ИСЕНОВА, Ж. ЖИЕМБАЕВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ӨСІМДІКТЕРДІ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ӨСІМДІКТЕР КАРАНТИНІ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫ ФИТОСАНИТАРЛЫҚ ЗЕРТХАНАЛЫҚ ТАЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ
Пестицид дегеніміз не? Ол – биологиялық активті зат. Ол қоршаған ортаға жат. Яғни оны регламентке сай қолданбау адам мен жануарларға зиянды. Фермерлерді оқытудың негізгі маңызы – осы химиялық препараттардың зиянын төмендету, ережелерге сай қолдану, зиянды жақтарын болдырмау.
Өкініштісі – фермерлердің басым бөлігі препараттарды бүрку кезінде жеке қорғаныс құралдарын қолданбайтын көрінеді. Нәтижесінде, түрлі аурулар, оның ішінде аллергия мен мутацияның пайда болу ықтималдығы жоғарылайды. Сондықтан, мамандар дихандарды зиянкестерден қорғаудың қауіпі төмен әдістерін қолдануға үгіттейді.
ГҮЛМИРА ИСЕНОВА, Ж. ЖИЕМБАЕВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ӨСІМДІКТЕРДІ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ӨСІМДІКТЕР КАРАНТИНІ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫ ФИТОСАНИТАРЛЫҚ ЗЕРТХАНАЛЫҚ ТАЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ
Өнімділікті арттыратын, пестицидтерге балама препарат ретінде ақ көбелек деген биологиялық препаратты ұсынуға болды. Оны колорадо қоңызына қарсы тиімділігі жоғары екенін ғалымдар зерттеуінде дәлелдеген. Одан басқа жылыжайларда, ашық алаңдарда фермондарды қолдану арқылы пестицидтерді контактісіз қолдануға болатынын дәлелдеді.
Тренингке облыстан 30 адам қатысты. Олардың бірі Ержан Бозжігітов – фермер қожалығының иесі. Ақтоғай ауданынан келді. «Мақсатымыз – халыққа таза өнім ұсыну, сондықтан пестицидтерді қауіпі төмен заттарға ауыстыруды қолдаймыз», - дейді.
ЕРЖАН БОЗЖІГІТОВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҚ ИЕСІ
Бүгінгі семинарда бәрімізді жинап, үйретіп жатқаны – адамдарға зиян келтірмеуі үшін, ерең аурулар болмауы үшін био-ға ауыстырып жатырмыз ғой.
Өсімдіктерді зиянкестерден кешенді қорғау бойынша сынақтардың нәтижесі пестицидтерді биологиялық әдістермен біріктіргенде, қауіптің бірнеше есе азаятынын дәлелдеді. Енді бастысы – фермерлердің экологиялық қауіпсіз әдістерді қолдануы және таза өнімдердің санының артуы.
Жұлдыз Қабылденова, Юрий Белевский, ЕА