Бүгінде облыс орталығында спорттың грэпплинг және джиу-джитсу түрлері белсенді дамып келеді. Өңірде бірнеше жекпе-жек клубы жұмыс істейді. Алдағы материалымыз спорт майталманы туралы болмақ. Экранға зер салайық.

Зайырбек Әбілқадыров Павлодарда өзінің спорттық жетістіктерімен танымал. Мансабының 20 жылында ол джиу-джитсудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына ие болды. Бірнеше рет әлем чемпионатының жүлдегері атанған. Ақсуда дүниеге келген ол 16 жылдан кейін облыс орталығына көшіп келген. Осы жылдар ішінде Павлодар айтарлықтай өзгергенін айтады.

ЗАЙЫРБЕК ӘБІЛҚАДЫРОВ, ЖЕКПЕ-ЖЕК КЛУБЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ

Көптеген жаңа ғимараттар, жаңа үйлер, үлкен аудандар пайда болғаны қуантады. Біз мұның бәрін бақылап, көріп жүреміз.. Мәселен, ең көрікті жерлердің бірі Ертіс жағалауы. Өсуді, өзгеруді тоқтатпайды. Әр жыл сайын жаңашылдық бар.

Бүгінгі таңда кейіпкеріміз үлкен жарыстарда өңір намысын қорғауды жалғастырып келеді. Сондай жетістіктерінің бірі, грэпплингтен Азия чемпионы атағына қол жеткізуі. Оның айтуынша, мұндай жеңістердің артында өзі өскен қаланың тыныштығы мен өсу қарқыны септігін тигізеді екен.

ЗАЙЫРБЕК ӘБІЛҚАДЫРОВ, ЖЕКПЕ-ЖЕК КЛУБЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ

Біз спортшылар көптеген қалаларда жарыстарда боламыз ғой. Сонда салыстырып қарап отырамын. Менің қалам өте тыныш, көшелері әдемі, өсу қарқыны бар, ешқайда асықпай уақыт табуға болады, үйлесім тапқан көрікті қала.

Спортшының ең көп баратын жері Ертіс жағасы. Онда ол шәкірттерін жаттықтырады. Бос уақытын сонда өткізуге тырысады.

ЗАЙЫРБЕК ӘБІЛҚАДЫРОВ, ЖЕКПЕ-ЖЕК КЛУБЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ

Біздің жаттығуларымыз әр сенбі сайын өткізіледі. Әсіресе, ашық аспан астында, таза ауада жүгіреміз. Қаланың әдемі көріністері, Ертістің табиғаты жүгіруге, спортпен шұғылдануға өте қолайлы.

Зайырбек Әбілқадыров Павлодардағы спорт түрлерін дамытуға ниетті. Ол сүйікті көркем қаланың көркеюіне өз үлесін қосуды ары қарай жалғастыра бермек.

ҚЫМБАТ САДЫҚ, АНАСТАСИЯ ЕРШ, ЮРИЙ БЕЛЕВСКИЙ, ЕА