Павлодар қаласының тұрғындары мен еріктілер Усолка шағын ауданындағы демалыс аймағын қоқыстан тазалады. Барлығы 200 қаптан аса қоқыс жиналды. Шараның ерекшелігі – таңғы жүгіру мен экологияға қамқорлықтың бірігуінде.

Диана Мүбаракова демалыс күнін экологиялық марафон-плоггингке арнап, командалық сайыста бақ сынады. Бұл жарысқа былтыр қатысып, үшінші орынды иеленген. Биыл да сайыстан тыс қалмай, қаланы қоқыстан тазалауға атсалыспақ.

ДИАНА МҮБАРАКОВА, «ҚЫЗЫЛ ЖАРТЫ АЙ» ҚОҒАМЫ ПОФ ЕРІКТІСІ

Мен 17-демін, ал командамызда 15 жастан 60 жасқа дейінгі қатысушылар бар. Біз үшін бұл шара өте маңызды. Себебі Қазақстан, оның ішінде Павлодар үшін экология мәселесі өзекті. Көріп отырғанымыздай, Усолка шағын ауданында демалғаннан соң, қала тұрғындары мен қонақтары қоқыстарын жинамай кетіп жатады. Біздің басты міндет – тұрғындарды қоқыс қалдырмауға шақыру және бұл аймақты тазалау. Мақсатымыз – сайыста топ жару ғана емес, мүмкіндігімізше қаламыздың таза болуына үлесімізді қосу. Ал жеңіске жетсек, ол жағымды бонус болады

Кросс қатысушылары демалушылар тастап кеткен тұрмыстық қалдықтарды, пластмассаларды, құтыларды жинады. Нәтижесінде демалыс орны 200 қапқа жуық қоқыстан тазаланды. Айта кету керек, мұндай игі бастама «Таза Қазақстан» республикалық акциясының аясында өтіп жатыр. Қоршаған ортаны ластанудан қорғауға арналған шара сайыс түрінде ұйымдастырылды.

«Jasyl cross-2024» үш бағыт бойынша өтті: қатысушылар топпен және ұлдар мен қыздар арасында сынға түсті. Үздік нәтиже көрсеткендер демеушілер атынан шағын сыйлықтармен, медальдармен және кубоктармен марапатталды.

Жұлдыз Қабылденова, Ермек Сапаров