Негізгі Жаңалықтар Мемлекеттік қолдау – ауыл бизнесіне серпін

Мемлекеттік қолдау – ауыл бизнесіне серпін

Ертіс ауданы


Ертіс ауданының тұрғындары ауылдарының дамуына өз үлестерін қосып қана қоймай, істерін дөңгелетуде. Бүгін мемлекет қолдауына ие болған екі кәсіпорын туралы әңгімелейміз. Келесі бейнематериалға назар аударайық!


Бұл монша кешені – ауыл тұрғындары бас қосатын демалыс орны. Жұмысын бастағанына небәрі бір жыл болғанымен, халық арасында жоғары сұранысқа ие. Ал кәсіп иесі жобаның ауқымын кеңейтуді жоспарлауда. Бастаманы жүзеге асыру үшін Дәулет Балташев мемлекет қолдауына жүгенген.

Дәулет Балташев, кәсіпкер

Біз «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы несие алғанбыз. Қазір аптасына екі күн – сенбі және жексенбі жұмыс істейміз. Сенбі – ер адамдарға, ал жексенбі әйел адамдарға қызмет көрсетеміз. Ересектер үшін кіру құны – 3000 теңге, ал балалр мен зейнеткерлерге – 2000 теңге. Уақыт жағынан шектеу жоқ, қалағаныңызша демала аласыз. Кешенде хамам, бассейн, бар, сусындар мен тіскебасарлар және VIP-бөлме қарастырылған. Қызмет түрлерін одан әрі арттырып, жақында массаж кабинетін де іске қосуды көздеп отырмыз».

Бұрын бұл ғимарат қаңырап бос тұрған. Кәсіпкер оны күрделі жөндеуден өткізіп, ауылдастары бос уақытын көңілді өткізе алатын жерге айналдырған.

Дәулет Балташев, кәсіпкер

Ғимарат бұл жерде бұрыннан бар. Бірақ қараусыз қалып, тозығы жеткен. Негізгі мақсат ауыл тұрғындары жиналып, жайлы демалатын орын ашу болды. Оның үсіне, моншаның денсаулыққа пайдасы зор.

Мемлекет қолдауымен іске асқан тағы бір игі жоба – Ертіс ауылындағы «Вкусная точка» отбасылық дәмханасы. Мейрам мен Әлия Батабаевтар қолға алған бұл кәсіп ауыл тұрғындарына дәмді нан мен жартылай дайын өнімдерді ұсынып отыр.

Мейрам Батабаев, кәсіпкер

Бұл істі ашуға «Бастау» бағдарламасы септігін тигізді. Мемлекеттен грант алуға болатынын білген соң, жұбайым екеуіміз өтініш беріп, қолдауға ие болдық. Қонақтарымыз аз емес, барлығы дәмді тамақтанып қайтады. Ауданымыз өсіп, өркендеп жатқандықтан, мұндай орындар да керек. Бәрін өз қолымызбен, үйдегідей етіп жасаймыз: тұшпара, жартылай дайын өнімдер, мәнті, қайнақша – бәрі де табиғи әрі дәмді.

2025-2026 жылдары ауданда 17 адам жалпы сомасы 38 миллион 800 мың теңгеден астам қайтарымсыз мемлекеттік грант ұтып алған. Бұл қолдау мал шаруашылығы, азық-түлік өндірісі, тұрмыстық қызметтер, мереке ұйымдастыру және өзге де салаларда жаңа жобаларды іске қосуға жол ашты.

Лариса Пчёлкина, ертіс ауылының тұрғыны

«Вкусная точка» кафесіне жиі келіп тұрамын, жұмысына көңілім толады. Мұнда дайындалатын тауық еті, картоп пен қырыққабат қосылған бәліштер және басқа тағамдар ұнайды.

Аталған екі жобаның бағыты түрлі болғанымен, оларды ортақ мақсат біріктіреді. Ол – ауылдың өркендеуіне үлестерін қосу және тұрғындарға сапалы қызмет ұсыну. Ал мемлекеттік қолдау осындай бастамалардың сәтті жүзеге асуына серпін береді.


Жұлдыз Қабылденова


Бөлісу