Құтқарушылардың жаңа мүмкіндіктері
Алда құтқарушылар күні. Ел бойынша 19-қазан күні аталып өтіледі. Құтқарушы - қай уақыт болмасын маңызы арта беретін мамандық. Бүгінде сала қалай дамып жатыр? Қандай жетістіктерге жетті. Тілшіміз тізбелеп айтсын.
БҰл Toyota Hilux автокөлігі негізінде жасалған жылжымалы өрт-техникалық зертхана. Көліктің жүк артатын бөлігінде арнайы жабдықтар мен сарапшының жұмыс орны орналастырылған. Енді өрттің шығу себептерін жедел анықтау үшін ауа, сұйықтық және жанғыш заттардың қалдықтарынан алынған сынамаларға қажетті экспресс-талдаулар тікелей өрт болған жерде жүргізіледі.
Қайрат Шаймарденов, Павлодар облысы ТЖД бастығының орынбасары
Зертхана бұрыннан бар еді, қазір оны жаңғырттық. Бұрын ол «Газель» автокөлігінде орналасқан. Қазіргі нұсқасы әлдеқайда ыңғайлы әрі жедел жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұрын мұндай жабдықтар болмаған. Еліміздің басқа өңірлеріне де шығамыз. Соңғы рет өткен жылы Астанадағы сауда үйінде өрт шыққанда барғанбыз. Ол кезде өрт үш мың шаршы метр аумақты шарпыды.
Тағы бір жаңалық – өрт сөндіруші робот. Ол құтқарушылардың өміріне қауіп төнетін жерлерде, мысалы, жарылыс қаупі бар немесе түтін қатты қоюланған аумақтарда жұмыс істеуге арналған. Әзірге робот нақты өрт сөндіру жұмыстарына қатысқан жоқ, Алайда оқу-жаттығулар кезінде өзінің мүмкіндіктерін көрсетті. Робот қашықтан басқарылады,
Азамат Қанағатов, Павлодар облысы ТЖД жедел кезекшілік бөлімі бастығының орынбасары
Робот басқару пульті арқылы қашықтан басқарылады. Оператор қауіпсіз қашықтықта орналасады. Робот өрт сөндіру көлігімен бірге жұмыс істейді. Қозғалтқыштан бөлек, күрделі жерлерде жоғары өтімділікті қамтамасыз ету үшін шынжыр табандар орнатылған. Сондай-ақ шынжыр табандарды қозғалысқа келтіретін жетек жүйесіне арналған гидравликалық жүйе бар. Бұдан бөлек, басқару пульті арқылы бақылауға мүмкіндік беретін бейнекамера орнатылған. Осылайша оператор қауіпсіз қашықтықта тұрып-ақ, оқиға орнында не болып жатқанын көре алады.
Тағы бір жаңалық – Павлодар қаласында кинологиялық бөлімшенің ашылуы. Бұған дейін мұндай бөлімше тек Екібастұз қаласында жұмыс істеген. Қазір Төтенше жағдайлар департаментінің қарамағында екі қызметтік ит бар. Олар – австралиялық хилер және австралиялық овчарка. Екі ит те сертификаттаудан өтіп, іздестіру-құтқару жұмыстарына жіберілген. Олардың міндеті – үйінді астында қалған, адамның қолы жетпейтін қиын жерлерде қалған тірі адамдарды іздеп табу.
Галина Куценко, ТЖД кинологиялық бөлімшесінің жетекшісі
Олар әзірге нақты төтенше жағдай кезінде іздестіру-құтқару жұмыстарына қатысқан жоқ. Дегенмен, иттерімізді сынақтан өткізуге мүмкіндік болды. Осы жерде салынып жатқан мектепте плита опырылып, бір ер адам оның астында қалған еді. Сол кезде иттеріміздің адамның жатқан орнын қаншалықты дәл анықтай алатынын тексердік. Иттеріміз тапсырманы жақсы орындады. Өкінішке қарай, ол кезде ер адам қайтыс болып кеткен болатын. Біздің іздестіру-құтқару иттеріміз тірі адамдарды іздеуге арнайы үйретілген. Яғни олар төтенше жағдай аймағында тірі адамның иісін анықтау арқылы жұмыс істейді.
Сонымен қатар, өңірде өрт сөндіру бөлімдері жаңартылып, кенттер мен ауылдарда жаңа бөлімшелер ашылуда. Осылайша бөлімше заманауи талаптарға сай жаңғыртудан өтті. Жылжымалы зертхана мен өрт сөндіруші роботтан бастап, кинологиялық қызмет пен жаңа бөлімшелерге дейін – Төтенше жағдайлар департаменті жұмыстың түрлі бағыттарын дамытуда. Ведомство өкілдерінің айтуынша, барлық жаңғырту жұмыстары мен жаңа жобалардың көздеген ортақ мақсаты бір. Ол – бөлімшелердің төтенше жағдайларға дайындығын арттырып, өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.