Білім мен тәрбие ордасы
Ертіс ауданы
Ертіс ауданына қарасты Панфилов ауылындағы мектепте оқушылардың білімін тереңдетуге ерекше көңіл бөлінеді. Мұнда пәндік олимпиадаларға дайындалатын арнайы орталық жұмыс істейді. Ал мектептегі шағын мұражай өскелең ұрпақты ауыл тарихымен және елге еңбегі сіңген азаматтардың өмір жолымен таныстырады.
Панфилов ауылындағы мектепте 2–11-сынып оқушыларына арналған олимпиадалық резерв орталығы жұмыс істейді. Мұнда балалар сабақтан тыс уақытта қосымша дайындалып, пәндер бойынша білімін жетілдіреді. Олардың логикалық ойлау, өз бетінше жұмыс істеу және күрделі тапсырмаларды шешу дағдыларын дамытуға басымдық беріледі.
Алтынгүл Әментаева, Панфилов ауылдық мектебі директорының орынбасары
Оқушылар сабақтан кейін бекітілген кесте бойынша қосымша кеңес алады. Біздің мақсатымыз қабілетті әрі білімге құштар балаларды ерте кезеңнен анықтау. Олардың пәндік білімін тереңдетіп, логикалық және сыни ойлау қабілетін дамытуға мән береміз. Сондай-ақ өз бетінше ізденіп, жұмыс істеуге үйретеміз.
Жүйелі дайындықтың нәтижесі де бар. Мектеп оқушылары аудандық және облыстық пәндік олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып, республикалық деңгейдегі білім додаларына да қатысқан. Бұл жетістіктерде ұстаздардың еңбегі ерекше. Олар оқушылардың қабілетін ашып, әрқайсысының білімін жетілдіруге күш салады.
Алтынгүл Әментаева, Панфилов ауылдық мектебі директорының орынбасары
Былтыр 11-сынып оқушысы Мақсат Елюбай информатика пәнінен өткен осы олимпиадада үшінші орын алды. Ал Мариям Алмаз бен Диана Қабдулбариева Бурабайдағы дарынды балаларға арналған IQanat мектебінің грантын иеленді. Ислам Кинаятов пен Айнаш Шакирова да жыл сайын облыстық пәндік олимпиадаларда жүлделі орындардан көрініп жүр.
Оқушылардың білімін тереңдетуде пән мұғалімдерінің еңбегі зор. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлнар Мәжімова шәкірттерін бесінші сыныптан бастап олимпиадаларға дайындайды. Ол балалардың білім деңгейін анықтау үшін жеке тапсырмалар мен тесттер беріп, әрқайсысының мүмкіндігіне қарай жұмыс жүргізеді. Ұстаздың айтуынша, тұрақты дайындық жақсы нәтижеге жеткізеді.
Гүлнар Мәжімова, Панфилов ауылдық мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
11-сынып оқушысы Ислам Кинаятов екі жыл қатарынан облыстық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болды. Биыл ол ауыл мектептерінің оқушылары арасындағы олимпиадаға қатысып жатыр. Мектепішілік және аудандық кезеңдерден сәтті өтті. Ол орыс тілін жетінші сыныпта таңдаған еді. Дайындықтың нәтижесін көріп отырмыз. Биыл Гүлназ Сағындықова да осы пәнді таңдады. Енді оның аудандық кезеңдегі нәтижесін күтеміз. Алтыншы сынып оқушысы Әлихан Арынов та алдағы уақытта олимпиадаларға қатысуды жоспарлап жүр. Шәкірттерімнің пәнге деген қызығушылығы жоғары.
Мектептегі тәрбие жұмысының тағы бір маңызды бағыты туған өлкенің тарихын таныту. Білім ордасында ауыл тұрғындары жинақтаған тарихи деректер мен жәдігерлер сақталған шағын мұражай бар. Бұл жұмыстарға алғашқы әскери дайындық пәнінің жетекшісі Серік Арынов та атсалысады. Панфилов ауылының тумасы әрі осы мектептің түлегі білім ордасында 25 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді.
Серік Арынов, Панфилов ауылдық мектебінің алғашқы әскери дайындық пәнінің жетекшісі
Музейге қарасақ, бұл жерде Ұлы Отан соғысына қатысқан кісілердің фотолары мен мәліметтері жазылған. Аман қалған кісілердің тізімі. Павлодар облысынан шыққан жалпы Кеңес одағының батырларына арналған стенд бар. Сондай-ақ, ауған соғысына қатысқан біздің мектебіміздің түлектері жайында мәліметтер бар.
Панфилов ауылының мектебінде білім мен тәрбие қатар өріліп келеді. Бір жағынан, оқушылардың білімін тереңдетіп, қабілетін дамытуға жағдай жасалса, екінші жағынан, туған жердің тарихын танып, өткенге құрметпен қарауға үйретіледі. Осындай жұмыс жас ұрпақтың жан-жақты дамуына жол ашады.
Сабина Жолдаспаева