Саналы таңдау – жарқын болашақ
Вейп – сән бе, әлде денсаулыққа төнген қауіп пе? Оңай жолмен тез қомақты ақша табуға бола ма? Осы сияқты маңызды тақырыптар «Салауатты ұрпақ – мықты ел» форумында талқыланды. Іс-шара «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өтті.
Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті Ұлттық волонтёрлік желімен бірге жастарға арналған форум өткізді. Басты мақсат – өскелең ұрпақты күнделікті өмірде кездесуі мүмкін қауіп-қатерден сақтау.
Ғалиасқар Қасымов, Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары
«Адал азамат» концепциясы және «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Салауатты ұрпақ – мықты ел» форумын ұйымдастырдық. Жастарға вейптің зияны жайында түсіндіреміз, қаржылық, алаяқтық схемаларды қалай танып, оған ұрынып қалмау керек екенін үйретеміз.
Әдемі қаптамасы мен алуан түрлі дәмі вейпті зиянсыз етіп көрсетіп, жасөспірімдерді өзіне тартады. Алайда оның артында денсаулыққа төнетін үлкен қатер тұр. 2025 жылдан бері заңсыз айналымнан жалпы құны 1,3 миллиард теңгені құрайтын 157 мың құрылғы тәркіленген. Бұл статистика мәселенің қаншалықты ауқымды екенін көрсетеді.
Артём Граблёв, «Заң мен тәртіп» қағидатының амбассадоры
Біз салауатты өмір салтын насихаттауға ерекше мән береміз. Мәселен, вейпті қолдануға ғана емес, сату мен таратуға болмайтынын, мұның бәрінің заңбұзушылық болып саналатынын және заң алдында жауапкершілік бар екенін айтамыз. Себебі міндетіміз – жастарға «ақ пен қараны» айыруды үйретіп, теріс әркеттерден аулақ беру керек екенін санасына сіңіру.
Шындықты жалғаннан ажырата білу, өз құқықтарын түсіну және іс-әрекеттің салдарын бағалай алу – қазір аса маңызды дағдылар. Сондықтан осы бағыттағы іс-шаралар облыста жиі ұйымдастырылады.
Әйгерім Түсіпбекова, ұлттық волонтёрлік желі өкілі
Павлодар қаласындағы мектептер мен колледждердің білім алушыларына арналған алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Экономикалық тергеп-тексеру департаменті, киберполиция өкілдері, жалпы құқық қорғау органдарымен бірлесе жұмыс істейміз, түсіндіру жұмыстарына атсалысамыз. Сонымен қатар вейптерді жоюға арналған іс-шаралар өтеді. Оларға студенттерді де шақырамыз.
Форум соңында қатысушылар алған жаңа білімді онлайн-ойын түрінде тексеріп, үздік нәтиже көрсеткендер сыйлықтарға ие болды. Дегенмен кездесудің басты жетістігі – марапаттар емес, жастардың қауіпті уақытында аңғарып, бөтеннің жетегіне ермей, өз денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін дұрыс таңдау жасай білуі.
Жұлдыз Қабылденова