Мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді
29 қараша күні барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Қазір сайлауды ұйымдастыруға қатысты негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілді. Павлодар облысында 189 депутат сайланады. Оның 16-сы партиялық тізім бойынша анықталады.
Сайлауды әзірлеу мен өткізуге 709 сайлау комиссиясы қатысады. Оның 14-і – аумақтық, 173-і – округтік, ал 522-сі учаскелік комиссия. Комиссияларда 4 311 адам жұмыс істейді. Өңірде барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 173 бірмандатты округте өтеді.
Гүлнәр Аманжолова, Павлодар облыстық сайлау комиссиясының төрағасы
Оның ішінде 16 округ бойынша облыстық мәслихат депутаттары, 51 округ бойынша қалалық мәслихат депутаттары, 106 округ бойынша аудандық мәслихат депутаттары сайланады. Ал облыстық мәслихаттың 16 депутаты партиялық тізім бойынша анықталады.
Мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсыну кезеңі 14 қазанда басталды. Бұл кезең 27 қазан күні сағат 18:00-де аяқталады.
Мәлика Қалиева, Павлодар облыстық сайлау комиссиясының хатшысы
Мәслихат депутаттығына кандидаттарды саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер және олардың құрылымдық бөлімшелері ұсына алады. Сонымен қатар азаматтар өзін-өзі ұсыну арқылы да сайлауға қатыса алады.
Мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін тіркеу 1 қараша күні сағат 18:00-де аяқталады. Осы уақытта сайлауалды үгіт-насихат кезеңі басталады. Ол 27 қарашадан 28 қарашаға қараған түні сағат 00:00-де аяқталады. Ал 28 қараша – тыныштық күні. Жергілікті атқарушы органдар сайлаушылардың тізімдерін 8 қарашада ұсынады.
Сабина Жолдаспаева