Баянауылда елімізге белгілі суретшілердің плэнері басталды. Бұған еліміздің әр түкпірінен 20-ға жуық қылқалам шебері қатысып жатыр. Олар Баянауылдың тұмса табиғатын қағаз бетіне түсіретін болады. Салған суреттер облыстық көркемсурет музейіне сыйға тартылады.
«Қимақ-Арт» жобасы аясында Баянауылға 20 суретші аттанды. Олар осы өңірдің тұмса табиғаты мен тарихын қағаз бетіне түсіретін болады. Мақсат Ертіс-Баян өңірінің тарихын таныту және әсем табиғатын насихаттау. Осынау шараға Астана, Алматы, Орал, Көкшетау, Қарағанды қалаларынан елімізге танымал суретшілер келді.
Биыл Павлодар облыстық көркемсурет музейінің құрылғанына 60 жыл толды. Бұдан бөлек Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы мен Нағымбек Нұрмұхаммедовтің 100 жылдығы қатар келіп отыр. Осыған орай облыс әкімдігінің қолдауы жас суретшілердің басын қосқан ауқымды шара ұйымдастырылды.
10 күнге созылатын шараның түйіні облыстық көркемсурет музейінде қойылады. Мұражайда суретшілердің қылқаламынан туған картиналар көрмеге ұсынылмақ. Бұл суреттер осы музейдің қорына сыйлық ретінде тапсырылады. Мұнда 6 мыңнан астам қор сақталған.
Өзгеріс Қуанар