10 тамыз қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың дүниеге келген күні. Айтулы датаға орай Достық үйінде «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Абай мұрасы- халық қазынасы» атты шара өтті. Толығырақ тілшіміз тарқатады.
Абай – қазақ ұлтының ғана емес, күллі адамзат баласының, адамдықтың, әділдіктің игілігіне қызмет еткен өз заманының нағыз ғұламасы, данышпаны. Достық үйінде өткен дөңгелек үстелге данагөй қариялар мен ақжаулықты әжелер, 5512 және 6679 әскери бөлімінің жас сарбаздары, ассамблея жастары мен желілік полиция қызметкерлері де қатысты. Онда ұлы ақынның шығармаларының құндылығы, маңыздылығы айтылды.
Жыл өткен сайын Абайдың туындыларын оқып, зерттеп, білгісі келетін жандардың қатары артуда. Осы ретте жалынды жастар, тіпті өзге ұлт өкілі де ақын шығармалын жатқа білетіні көрінді.
Абайдың өлеңдері мен қара сөздері адамға рухани азық береді. Сондай-ақ, туындылары адамды ізгілік жасауға және оқып, білім алуға шақырады. Шара барысында екі әскери бөлім мен Нұр ана әлемі қоғамдық бірлестігі арасында өзара меморандумға қол қойылды.
Иә, шынымен де Абай Құнанбайұлы артында ұлықтайтын ұрпағы барда мың жасайды. Бұл шара да соның бір айқын дәлелі. Себебі, Абайдың шығармашылығы бүтін бір ұрпаққа азық болатыны сөзсіз.