Железин жастары шатыр орнатып, табиғат аясында ас әзірлеп, спорттық сайыстардан өтті. Ауданда 10 жылдан аса уақыт бойы туристік слет ұйымдастырылады. Биыл екі күндік шара Ертіс жағасында болды. ТОлығырақ келесі сюжетте.

Табиғат аясында ән айтып, ас әзірлеп, самауырдан шай ішіп, спорттық жарыстарға қатысқанға не жетсін. Мына жиналған жастар екі күндік туристік слетке қатысуға келді. Жауынға қарамастан қолға гитара алып керемет көңіл күймен ән шырқап отыр.

Железин ауданы Прииртышск ауылында дәстүрге айналған туристік слет ұйымдастырылды. Оған ауданның 14 пен 35 жас аралығындағы жастары қатысты. Ұйымдастырушылардың сөзінше екі күндік шара жастарды ішкі туризмге баулуға, туған жерді қастерлеуге, қоршаған ортаны аялауға бағытталған. Биыл слеттің локациясы Ертіс жағасында болды.

Осылайша жастар шатыр құрып, табиғат аясында ас әзірлеп, ән айтып, спорттық шараларға қатысып, түрлі кедергілерден өтті. Слетте екі жыл қатарынан Веселая роща ауылынан «Ақ қайыңдар» командасы үздік деп танылды.

ДӘУЛЕТ АЙТПАЕВ, КОМАНДА КАПИТАНЫ

Біздің командада 6 қатысушы. Екі қыз, 4 ұл бала. Осымен үшінші жыл қатарынан қатысуға келіп тұрмыз. Бірінші жыл келгенде ненің қалай болатынын білмедік, кейін екінші жылы келгенде бәрін түсініп алдық, тағы да бірінші орын алып кеттік. Туристік слет негізі жастарға керемет шара, тасысасың, бір-біріңнен көп нәрсе үйренуге болады. Жылда келуге дайынмын.

Қатысушылар өздерінің дайындығын, күшін, ептілігін, батылдығын және командада жұмыс істей алатындығын көрсететін түрлі сынақтардан өтті. Слет негізі 10 жылдан аса уақыт бойы өтіп келеді.

РАХАТ ЖОЛДЫБАЕВ, ЖЕЛЕЗИН АУДАНЫ «АЙБАТ» ЖАСТАР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

Бізде 5 номинация болады. Үздік аспазшы және үздік турист. Оларға бізде арнайы сыйлықтар бар. Бірінші орынға 6 орындық палатка беріледі. Және де осы нәрселермен олар туристік шараларға барса да болады. Былтыр бізде «Веселая Роща» жеңімпаз болды. Олар екі жыл қатарынан жеңімпаз болып жатыр.

Сонымен қатар, Железин ауданы жастары республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында жасыл кроссқа қатысты. Аудан жастары қолдарына қап алып, халық көп демалатын Ертіс өзенінің жағалауын тазалады.

Самал Қалиқызы