Біздің қоғамда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, әсіресе балаларға қатысты сұрақтар әлі де өзекті. Ата-аналар 18 жастан асқан мүгедек балалардың тіпті қолдаусыз қалатынын айтып отыр. Ал, өмір бойы сырқаттанған баласын қараған әке-шешеге зейнетке шығу жеңілдігі де қарастырылмаған.
«Алтын бата» қоғамдық қоры жылдар бойы мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектерге қатысты сұрақтарды қозғап келеді. Ата-аналарды алаңдататын мәселелер әлі маңызды. Тіпті кейбірі өз құқықтары мен мемлекетпен ұсынылатын кепілді көмек жайлы біле қоймайды. Әсіресе ауылдық жерде тұратын азаматтар бірқатар жәрдемнен кенже қалған.
Дина Әмірғазина, «Алтын бата» ҚҚ мүшесі:
Ауылда көптеген сұрақтардың жауабын білмейді. Ал қалалық жерде қоғам арқылы біледі. Осындай дөңгелек үстелдер өткізуге үміттенеміз. 18 жастан кейін балалар көп мемлекеттік қолдаусыз қалады. Мысалы стоматологиялық мәселе бар. Ол жұмысқа шыға алмайды. Болған сұрақтарды біз қарастырамыз.
Осы ретте, «Алтын бата» қоғамдық қоры шалғайдағы елдімекендерге барып, кездесулер өткізіп тұрады. Онда мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары мен заңды өкілдерінің көкейде жүрген түйткілді сұрақтары ортаға тасталады. Ол мәселелер түрлі деңгейді қамтиды, баланың денсаулығынан бастап тиісті жәрдемақыларға дейін.
Дина Әмірғазина, «Алтын бата» ҚҚ мүшесі:
Мысалы айтсақ, пломба мәселесі жөнінде. Наркоз мәселесі жөнінде. Сол сұрақтарды шештік.
Шара халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидаттары негізінде диалог ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта дереу шешуді қажет ететін мәселелер, оның ішінде мүгедек балалар мен 18 жастан асқан азаматтарға стоматологиялық көмек көрсету, мемлекеттік қолдау шаралары туралы сапалы ақпарат беру, зейнеткерлік жас сұрақтары қарастырылды. Кейбір ақпараттар тіпті қолжетімсіз екені де айтылды.
Айгүл Мұқышева, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
Әр ұйымда тиісті ақпараттар жеткілікті. Әр емхананың әр қабатында стендтер, қабырғаларда ақпараттар ілінген. Пациенттерді қолдау қызметінің нөмірі, емхана орынбасаралары мен бас дәрігерлердің нөмірлері әрқашан қолжетімді. Әр емхананың сайтында да олар бар. Сондықтан қандай да бір сұрақ болса, сол арқылы ата аналарға жүгінуге болады.
Дөңгелек үстелге бейінді мемлекеттік органдардың өкілдері және қордың негізгі мақсатты аудиториясы – мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар қатысты.
Самал Қалиқызы