Павлодар қаласындағы номері 33 балабақша облыс бойынша мектепке дейінгі білім мен тәрбие беретін мекемелер арасында 2024 жылдың ең үздігі болып танылды. Осылайша облыс әкімдігінің 50 млн теңге грантын иеленген. Енді осының арқасында тәрбие мекемесінің материалдық базасы жақсарып, кабинеттер жасақталмақ.

Бүлдіршіндер «Бауырсақ» ертегісін тыңдап отыр. Мектеп жасына дейінгі білім мен тәрбие берудің негізгі тәсілдерінің бірі. Қазір балабақшадағы тәрбие мазмұны толығымен өзгерді деуге болады. Көбіне балдырғандардың еркін өсуіне, жеке дара шешім қабылдау дағдысы қалыптастыруға бағытталады.

БОТАГӨЗ БӘКИЕВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ №33 БАЛАБАҚША ТӘРБИЕШІСІ

Балалар өздерінің әс-әрекетін өз еркімен жасайды. Бір-бірінен үлгі алуға үлкен мән береміз. Ойын барысында өзара диалог құрады. Тілдерін дамытады. Сөйлеу барысында қателік кетіп жатса дүзетіп, дұрыс бағдар береміз. Жас ерекшелігіне сай білім алады. Білім алу барысында физикалық, логикалық дамуына көп үлес қосамыз.

Балабақша 2012 жылы ашылған. Содан бері жыл сайын жаңарып, қазіргі уақыттың талабына сай балдырғандарға барлық мүмкіндіктерді бере отырып, саналы тәрбие, сапалы білім беруде.

Балабақша өткен жылы облыстық конкурста ең үздік атанды. 3 жыл ішіндегі тәрбиеленушілер мен педагогтардың жалпы ұжымның жетістігіінң арқасында осындай биікті бағындырды. 50 млн теңге грант иеленді.

Балабақшаның негізгі мақсаты балалардың дамуы үшін қолайлы орта жасау. Облыс әкімдігінен алынған қаражат осы мақсаттағы игіліктерге жұмсалмақ.

Жанасыл Серікбол