Қазақстан құрамасы Дубайда өткен халықаралық арнайы жасақтар арасындағы сайыстан 2 орын иеленді. Әйелдер арасындағы жауынгерлерден құралған «Томирис» тобында Павлодарлық әскери қызметші де қатысқан еді. Биік нәтиже көрсеткен қызметкерді Полиция депаратментінде салтанатты түрді қарсы алу рәсімі өтті.
«SWAT Challenge» Дубайда өткен арнайы жасақ бөліністері арасындағы сайыс. Оған 50 елден 105 команда қатысты. Қазақстандықтар осы бәсекеде топ жарып 2 орынды жұлып алды. Қатысушылар арасында Павлодарлық Ризагүл Андасова да құрамада өнер көрсетті.
РИЗАГҮЛ АНДАСОВА, «SWAT CHALLENGE» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАРЫСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ
Қолдауларыңыз бен құттықтауларыңыз үшін үлкен рақмет. Әр кезеңі өз қиындығымен ерекшеленген бәсекеде қобалжулар да болды. Әрине, біз бұл сайысқа ұзақ дайындалдық, ал оның нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар. Сонымен қатар, жарыс өткен жердегі климат та кедергі келтірді. Дегенмен, сайыс жалпы жоғары деңгейде ұйымдастырылды
Ризагүл Саниярқызы джиу-джитсуден спорт шеберіне үміткер. Әскери салаға қызығушылық спорттың арқасында келген. Салтанатты қарсы-алу рәсімінде әріптестері гүл шоқтарын тарту етіп, жеңісімен құттықтады.
ЕРІК ТӨЛЕГЕНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АРНАЙЫ ЖӘНЕ ЖҰМЫЛДЫРУ ДАЙЫНДЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ
Ол қызметке келген сәтте-ақ өзін көрсете бастады. Белсенділік танытып, әріптестерінен ерекшеленді. Қазіргі уақытта джиу-джитсу бойынша спорт шеберлігіне кандидат. Тіпті, бұл жарысқа дейін Полицейлер арасында өткен сайыстарда тамаша нәтижелер көрсетті.
Айта кетейік, «Томирис» арнайы жасақ мүшелері келесі жарысқа 3 айдан астам уақыт дайындық жасамақ. Осылайша, халықаралық сайыста одан да үздік нәтиже көрсетуді жоспарлап отыр.
Байтұрсын Жұмабай