Өңір журналистикасының ақсақалы, ардагер журналист, ұстаз, «Құрмет» орденінің иегері Бижанов Жұмасейіт Қоғабайұлы.Телевизия саласының Павлодар облысында қарыштап қадам басуына қомақты үлес қосқан бірегей тұлғаның туғанына биыл 85 жасқа толар еді. Бүгінде әріптестері мен шәкірттері қайраткерді сағынышпен еске алды. Саналы ғұмырын журналистикаға арнаған Жұмасейіт Қоғабайұлы сұхбат жанрының шебері, телеөнімнің майталманы еді. Облыстық телеарна табалдырығын алғаш 1979 жылы аттаған партия қызметкері жұмысқа жаңаша леппен келді. Телеарнаны тәрбие құралы деп түсінген журналист тәлімдік, танымдық хабарлар циклын дүние әкелді. Кәсіби шеберлігімен қатар адамгершілік ізгі қасиеттерімен де тәнті ете білді.

ЕҢЛІК ЖҰМАТАЕВА, ПЕДАГОГИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР

Еңбегі еш болған жоқ, халқына қалаулы, еліне елеулі болып, мінекей жас ұрпақтардың алдында барлық істеген еңбектерін айтып жатырмыз. Халқымызға сондай жаққан адам. Әсіресе мына журналистиканың түбін түсіріп, жас ұрпақтарға сабақ беріп, олардың нәтижелі жұмыс істеуіне, үлкен жол ашуға көмек берген

Дөңгелек үстелге жиналған қауым оның өмір жолы мен жетістіктері турады естеліктерімен бөлісті. Жұмасейіт Бижанов домбыра, мандалин аспаптарында ойнап, өнерге, оқуға құмар болған. Әсіресе, спортпен шұғылданып күреске де қатысқан.

ЖҰМАҒАЛИ ҚОҒАБАЙ, ЖАЗУШЫ, ЖҰМАСЕЙІТ БИЖАНОВТЫҢ ІНІСІ

Өте кітапқа үйір болды. Спортпен шұғылданды.Ауылда спорт болмаса да, бұл кісі өзінің табиғи дарыны арқылы аудандық, республикалық дәрежедегі еркін күреске қатысып жүрді. Сонда мен ағам сияқты болсам екен деген ой келетін. Бір сәтте дауласып қалсақ айтатынмын: «мен Қажымұқан боламын» деп, ол кісі «ал сен Қажымұқан боламын десең, мен Абай боламын» дейтін еді. Шынында ол Абайға ұқсағысы келіп, ғалым боп шықты

Көрерменге ойлы телеөнім ұсына білген білікті маман жиған тәжірибесін жастармен үнемі бліскен. СұлтанмахмұтТорайғыров атындағы университетте ұстаздық етіп, «Замандастар тағылымы», «Журналист шығармашылығындағы жаңа инновациялық технологиялар» атты 5 кітап пен көптеген ғылыми еңбектер жазды.

СЕРІК ЕЛІКБАЙ, ЖАЗУШЫ, ПРОФЕССОР

Бұл кісі журналистикаға керек болған кезде журналистикада жұмыс істеді, мұғалім қажет болғанда бұ кісі мұғалімдердің ішінде жұмыс істеді, жер жырту қажет болғанда кезде соның ішінде жүрді. Қоғамның әр кезде сұраған сұранысына орай, қажетіне орай, керегіне орай, ұлттың қажетіне орай жұмыс істеген. Менің ойымша Жұмасейіт ағадай ғұмыр кешу ол екінің бірінің басына бұйыра бермей тұғын бақ

Өзі «жан тынысым» деп жақсы көрген қара шаңырақ облыстық «Ертіс» телеарнасының алтын қорында журналисттің 1990 жылы Омбы қаласындағы Қазақстанның 10 күндігінен жасаған хабарлары, Әбіш Кекілбаев, Герольд Бельгер тәрізді сом тұлғалармен түсірген сұхбаттары сақтаулы.

Халықтың жүрегіне сал¬мақты ой, қанатты сөзімен жол салған Жұмасейіт Қоғабайұлының «өлді деуге болмайтын» асыл тұлғасы әрқашан ел есінде.

Қымбат Садық