Облыстық ТЖД су тасқынына қарсы іс-шаралар аясында Ақтоғай ауданының Сілеті өзенінде мұзды жару жұмыстарын жүргізді. Бұл Шолақсор ауылында су басу қаупін азайту үшін жасалды

Сілеті өзені үш облыстың аумағынан ағып өтеді. Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан. Төтеншеліктер өзен мұзын жару арқылы судың жан-жаққа жайылмай табиғи ағысының қалпына келтіруді мақсат етті. Осылайша, өзен жақын өтетін Шолақсор ауылына төнетін қауіп сейіледі. Жұмыстар өзеннің тарылуының төрт аумағында, жалпы ауданы 1154 шаршы метр аумақта жүргізілді.

РҮСТЕМБЕК ӘМРИН, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ ТЖД БАСТЫҒЫ

Жарылыс жұмыстары кезінде 150 кг ға жуық жарылғыш зат пайдаланылды. Төрт аумақта жарылыс өткізілді. Өзен суы енді кедергісіз ағады деп күтілуде.

Қазіргі уақытта осы өзенде құтқарушылардың жедел тобы мұзды кезеңінде оны әлсірету мақсатында мұзды ұсақтау және кесу бойынша іс-шараларды жүзеге асыруда. Жарылыс жұмыстарын әзірлеу кезінде өткен жылдардағы су тасқынына жүргізілген талдау, климаттық болжамдар, сондай-ақ өңір аймағының ерекшеліктері ескерілді.

Жанасыл Серікбол