Шарбақты ауданында үш қабатты үш тұрғын үй пайдалануға берілді. Пәтер кілттерін салтанатты түрде өңір басшысы Асайын Байханов табыстады. Толығырақ тілші әңгімесінде.

Бүгін Шарбақты ауданында 16 отбасы жаңа баспананың кілтін алып, қуанышқа кенелді. Пәтерлер көп жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілді. Қоныс иелерінің қатарында мүмкіндігі шектеулі жандар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ көпбалалы отбасылар бар. Облыс әкімі жаңа баспана иелерін құттықтап, игі тілегін арнады.

Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі

«Сіздерді жаңа шаңырақтарыңызбен құттықтаймын. Үйлеріңізде әрдайым бақыт пен қуаныш орнасын. Тек жағымды сәттерде жүздесейік.»

Айжамал Төлепбергенова – төрт баланың анасы. Жылдар бойы үй ала алмай, кезекте тұрған. Екі жылдың ішінде кезегі келіп, бүгін ол баспаналы болған бақытты жандардың қатарында.

Айжамал Төлепбергенова, Шарбақты ауданының тұрғыны

«Бүгін біздің отбасымыз үшін ерекше қуанышты күн. Жолдасым екеуіміз төрт бала тәрбиелеп отырмыз. Екі жұмыс істесек те, баспана алуға қаражат жинай алмадық. Сондықтан мемлекетімізге үлкен алғыс айтамыз.»

Тұрғын үйдің құрылысы биыл маусым айында басталған. 1, 2 және 3 бөлмелі пәтерлер кең, жылы әрі жайлы. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар өңірде халықтың өмір сапасын жақсартып, тұрғындарды баспанамен қамтуға серпін беріп отыр.

Әйнерім Тоқпанқызы