Өңірімізде «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру мақсатында республикалық «Адал полицей» акциясы өтуде. Аталған жоба аясында біздің түсірілім топ Павлодар қаласындағы №12 учаскелік пунктте 25 жыл қызмет етіп келе жатқан аға инспектордың күнделікті жұмысын бақылады. Тәжірибелі маманның қызметімен тілшіміз танысты.

Ержан Тыналинов кәсібіне адал, тұрғындардың сеніміне ие болған тәжірибелі маман. Аға учаскелік инспектор қызмет ететін аумақ – Катаев көшесінің аумағы. Бұл - қылмыс жиі жасалатын аймақтардың бірі. Мұнда ұрлық, алаяқтық деректері жиі тіркеледі. Соған қарамастан, тәртіп сақшысы әр тұрғынның мәселесіне бейжай қарамайды.

Ержан Тыналинов, Павлодар қаласы оңтүстік ПБ №12 учаскелік полиция пунктінің жауапты аға инспекторы

Мен қызмет жолымды қарапайым учаскелік инспектор болып бастадым. Біздің негізгі міндетіміз – қоғамдық тәртіпті сақтау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтарға көмек көрсету және әртүрлі сипаттағы шақыртуларға жедел әрекет ету. Қазір біздің пункте 7 учаскелік инспектор бар. Жұмыс кестесі нақты бекітілген. Таңғы сағат 8-де жұмысқа келеді. Алдымен өз әкімшілік аумағындағы мектептер мен колледждерге барып, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Одан кейін учаскені аралап шығады. Жоспарлы жиналыс өтіп, әр инспекторға нақты тапсырмалар беріледі. Бірі жеткізу жұмыстарымен айналысса, бірі тұрғындардың арыз-шағымдарын қарайды, енді бірі сот отырыстарына қатысады. Кешкі сағат 18:00-ден бастап учаскелік пунктте азаматтарды қабылдау жүргізіледі. Тұрғындар шағымдары мен өтініштері бойынша жүгінеді. Жұмыс күні кешкі сағат 22:00-де аяқталады.

Учаскілік пунктке тұрғындардан бір күнде 20-дан астам арыз-шағым түседі. Аумақта 122 бейнебақылау камерасы орнатылған. Бұл құқықбұзушылықтың алдын алуға көмектеседі. Аға инспектордың әріптестері де оның еңбегін ерекше атап өтті.

Жанатбек Слямов, Павлодар қаласы оңтүстік ПБ №12 учаскелік полиция пунктінің инспекторы

Мен 2025 жылдың тамыз айынан учаскелік инспекторы лауазымына тағайындалдым. Учаскелік инспектор лауазым маған жаңа лауазым, жаңа жұмыс орны. Себебі оған дейін басқа лауазымда жұмыс істедім. Осы лауазымға келгелі бері, әртүрлі түсініксіз шақырулар болады, сотқа жіберетін материалдар болады. Басқа қызметте істегендіктен өте қиын болды басында. Ержан Жұмалдинович өзінің бар білгенін көрсетіп, қалай хаттама толтыру, сот отырысында не айту керектігін үйретіп, көрсеткен.

Учаскелік пунктпен тығыз байланыста жұмыс істейтін Ардагерлер кеңесі де тәртіп сақшыларының еңбегіне оң баға берді. Полиция қызметкерлері ақсақалдардың ақыл-кеңесіне құлақ асып, тұрғындармен үнемі байланыста.

Рашит Бектеміров, 7-шағын ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы

Тыналинов Ержан деген азамат осы учаскенің бастығы. Біз жақсы қарым-қатынастамыз. Бізбен бәрі жылы амандасып, сөйлесіп, шаруаларымыз болса бір-бірімізге көмектесеміз. Қазір алаяқтар көбейіп кетті ғой. Бізге берген қағаздарын таратып, шағын аудан үйлеріне жабыстырып, ескертеміз. Үлкен адамдар әрине сенгіш келеді. Сондықтан біз білетін адамдарға ауызша да, жазбаша да түсіндіріп айтамз. Алданып қалмаңыздар деп. Білгенімізді айтамыз. Осындай қарыс-қатынаста жұмыс істейміз.

Полиция қызметі – тек заңды қадағалау емес, физикалық дайындықты да талап етеді. Сол себепті учаскелік инспекторлар кәсіби машықтарын үнемі жетілдіріп отырады. Тәртіп сақшылары аптасына екі рет спорт кешенінде арнайы дайындықтан өтеді. 25 жылдық тәжірибе, халықтың сенімі және адал қызмет – аға учаскелік инспектордың басты ұстанымы.

Сабина Жолдаспаева