Павлодар облысында профилактикалық шаралар күшейгенмен, алаяқтарға алданушылар қатары азаймай тұр. Интернет алаяқтық соңғы жылы тіпті 50 пайызға артқан. Сәйкесінше жәбірленушілер саны көбейді. Облыстағы криминогендік жағдайды тілшіміз айтсын.

2025 жылы өңірімізде тонау 40 пайызға, ұрлық 20 пайызға, қалта ұрлығы 4 есеге, қоғамдық орындардағы тәртіпбұзушылық 10 пайызға азайған. Бұл туралы полиция департаменті бастығының бірніші орынбасары айтты. 2024 жылы орын алған банктегі ірі қаржы ұрлығы туралы да ақпарат ұсынылды.

Болат Нұрсейітов, Павлодар облысы ПД бастығының бірінші орынбасары

Қазақстанда өкінішке қарай, біз ешкімді ұстап үлгермедік. Олар бір тәулік ішінде шетелге шығып кетті. Бірақ Ресей Федерациясы құқықтық көмек көрсетті. Біздің топ РФ ішкі істер органдарының қызметкерлерімен 5 адамды ұстады. Процедура 2 аптаны құрады. 2 адам іздестіріліп жатыр. Мүмкін тергеу барысында бұл сан көбейе жатады. Біздің қылмыстық іс қазір Ресей Федерациясының органдарында, осылайша біздің қылмыстық Кодекспен, ресейлік санкцияларды қолдана отыра жаза беріледі.

Сонымен қатар, облыс аумағында бірнеше жылдар бұрын түрлі деңгейдегі қылмыстар жасап іздеуде болған азаматтар да табылып жатыр. Мәселен, жақында Ресейден 3 адам экстрадицияланады. Олар есірткі, бопсалау қылмысы бойынша іздестірілген.

Бұдан бөлек, алаяқтық қылмысы бойынша статистика көңіл көншітпейді. Жан-жағымызда алаяқтардың арбауына түсті деген қаншама хабар естиміз. Осылайша 2025 жылы Павлодар облысында алаяқтық 30 пайызға, интернет алаяқтық 50 пайызға көбейген.

Болат Нұрсейітов, Павлодар облысы ПД бастығының бірінші орынбасары

Бізге бір адам жүгінді, онымен бейнебайланысқа полиция қызметкерінің шыққанын айтты. Үстінде форма, жанында мемлекеттік елтаңба қойылған. Біздің ойымызша бұл нейрожелілерді қолдану арқылы жүзеге асқан бейнебайланыс болды деп ойлаймыз. Осы сияқты алаяқтықтың түрлі жағдайлары кездесіп отырады. Жедел түрде оны біз таба алмаймыз, себебі кейбір жәбірленушілер жарты жылға дейін ақша жіберіп, кейін бізге жүгінуді жөн санап жатады. Алаяқ екенін түсінген кезде тым кеш болады. Интернет алаяқтыққа қатысты 2025 жылы бірқатар өзгерістер болды. Бізде бағдарламалық жабдықтау жағы жақсарды.

Бұдан бөлек, Павлодар облысында мал ұрлығы да азаймай тұр. 2025 жылы 63 факт, ал 2024 жылы мал ұрлығының 52 фактісі тіркелді. Өткен жылы барымташылықпен айналысқан 4 топ құрықталды, деді полицияда.

Болат Нұрсейітов, Павлодар облысы ПД бастығының бірінші орынбасары

2025 жылда 800 мал ұрланды. 422 мал табылды. Қайтарылды. Мал ұрлығы туралы қазір бізде жедел іздестіру шаралары жасалады. Май ауданында, Аққулыда, Ақсуда бір топ ұстадық. Қазір тергеу әрекеттері жасалып жатыр.

Сонымен Павлодар облысында криминогендік жағдай тұрақты. Ал, алаяқтық, зорлық-зомбылық, балалар қауіпсіздігі, апаттың алдын алу, тұрғындармен диалог құру полиция департаментінің 2026 жылдағы негізгі тетіктері болмақ.

Самал Қалиқызы