Павлодарлық шенеунік туысына саяжайға арналған жер телімін беріп, қызметінен айырылып қала жаздады. Мемлекеттік қызметкердің айтуынша, ол жұмыс жүктемесінің жоғары болуына байланысты өтініш иесінің өз жақыны екенін байқамай қалған. Бұл жағдай және сәулет бөлімі мен жер қатынастары бөліміндегі басқа да заң бұзушылықтар облыстық әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында егжей-тегжейлі қаралды.
Павлодар облысының прокуратурасы қалалық екі бөлімнің жұмысынан жер және қала құрылысы заңнамаларының талаптарын бұзу деректерін анықтады. Тексеріс қорытындысы бойынша жинақталған материалдар Әдеп жөніндегі кеңестің қарауына жолданды.
Қадағалаушы орган мәлімдеуінше, тіркелген жалпы саны 60-қа жуық бұзушылықтың басым бөлігі елеулі болмағанымен, анықталған екі жағдай өрескел сипатқа ие деп танылды. Олардың біріншісі қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысына қатысты. Мекеме ортақ пайдаланудағы жер телімін кәсіпкерлерлік субъектілерінің біріне беруден бас тартып, кейін оның құқықтық режимі мен құжаттамасын өзгертпестен аукцион арқылы басқа тұлғаға сатып жіберген. Бөлім басшысы жыл басынан бері 3 мыңнан астам өтініш түскенін және бұл жағдайды жұмыс жүктемесінің көптігінен кеткен кездейсоқ қателік деп түсіндірді және өз кінәсін толық мойындады.
Руслан Дәуітбаев, Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімінің басшысы
«Біз прокуратураға тиісті түсініктемелерді бердік. Анықтамада аталған мәселеден бөлек көрсетілген басқа да нысандар бойынша барлық жайтты негіздеп, дәлелдер бен растаушы құжаттарымызды ұсындық. Бас тарту туралы шешім электронды форматта жасалып, электронды цифрлық қолтаңбамен бекітіледі. Себебі жер телімін беру –бірнеше кезеңнен тұратын мемлекеттік қызмет. Біз келісуші орган ретінде бас тарту себебін жүйеде негіздедік, ол өтініш берушінің жеке кабинетіне электронды түрде жолданды. Бұл жағдайда бас тартуға аталған аумақта қара жолдың болуы себеп болды. Біз өтініштерді қарау кезінде оларды жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры, Google-карта сынды қолжетімді мәліметтер базасымен салыстырамыз. Осылайша коммуналдық желілердің, жолдарының бар-жоғын тексереміз.»
Прокуратура мәліметінше, тағы бір елеулі бұзушылыққа Павлодар қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы жол берген. Тексеріс барысында шенеуніктің өз жақын туысына жер телімін беру туралы құжаттарды ресімдеп, мүдделер қақтығысын тудырғаны анықталды.
Жангелді Шалғымбаев, Павлодар қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы
«Мүдделер қақтығысының орын алуына адами фактор себеп болды. Біз өтініштерді өңдеу кезінде үміткердің аты-жөніне емес, сызбасына қарап, жер телімін берудің мүмкін немесе мүмкін еместігін ғана анықтаймыз. Осылайша, қарындасымның саяжайды ресімдеуге өтініш бергенін аңғармай қалғанмын. Негізі байқауға болатын еді, бірақ жұмыс көлемінің көптігінен әрбір адамның тегіне назар аудару мүмкін болмады. Мен мүдделер қақтығысының болғанын жоққа шығармаймын. Ол орын алды. Бұл фактіні толықтай мойындаймын.»
Материалдарды қарау қорытындысы бойынша, облыстық әдеп жөніндегі кеңес қос шенеунікке қатысты қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.
Жұлдыз Қабылденова