Павлодарда отандық өндірісті қолдауға бағытталған екі ірі жоба бір алаңда бас қосты. Облыс орталығында «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқау-көрмесі және «Бір ауыл – бір өнім» көрмесі өтті. Ауқымды шараға өңірдің түкпір-түкпірінен келген кәсіпкерлер қатысып, өз өнімдерін көпшілікке ұсынды.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы ауылдық жерлерде өндірілетін бірегей өнімдерді дамытуға бағытталған. Көрмеге табиғи азық-түлік, ұлттық қолөнер бұйымдары, экологиялық таза өнімдер мен жергілікті шикізаттан өндірілген тауарлар шығарылды. Жоба ауыл кәсіпкерлерінің әлеуетін арттырып, олардың өнімдерін нарыққа шығаруға мүмкіндік береді. Қатысушылардың қатарында небәрі үш ай бұрын шұжық өндірісін бастаған жас кәсіпкер де бар.
Нұрсұлтан Серікқалиев, «Бір ауыл – бір өнім» көрмесінің қатысушысы
Осы шұжықты бастар алдында, қандай мақсат болды. Негізі балаларға беретін тағам болғанын қаладық. Себебі қазір өте көп қоспалар бар. Олар әртрүрлі онкологиялық ауруға тудырады. Мысалы біздің шұжықты күнделікті жеуге болады, ешқандай зияны жоқ. Бұл өндіріс негізі біздің отбасымыздікі, өзім, әйелім және апайым көмектеседі.
Жоба қорытындысы бойынша Павлодар облысынан үздік деп танылған он кәсіпкер бір жыл бойы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының маркетингтік және оқыту бағытындағы қолдауына ие болады. Сонымен қатар республикалық және халықаралық көрмелерге қатысып, өнімдерін кеңінен таныстыру мүмкіндігіне ие. Бұдан бөлек, финалистер 5 миллион теңгеге дейінгі гранттық қаржыландыру конкурсына қатыса алады.
Гүлия Жүнісова, «Атамекен» ҰКП жұмыспен қамту, шағын және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту департаментінің басшысы
Бұл жобаның басты мақсаты жергілікті шикізаттан және дәстүрімізді дәріптейтін, экологиялық таза өнімді анықтап, әрі қарай ішкі нарыққа және сыртқы нарыққа шығару. Біз бұл жобаны халықаралық Жапон агенттігінмен жұмыс істеп келе жатырмыз. Әрбір кәсіпкермен танысып, көмек жасайды.
Ал «Қазақстанның үздік тауары» байқауына Павлодар облысынан 45 кәсіпорын қатысты. Олар өндірістік, азық-түлік және халық тұтынатын тауарлар номинациялары бойынша бақ сынады. Кәсіпорындар заманауи өндіріс технологияларын, инновациялық жобаларын және өңірде шығарылатын сапалы өнімдерін таныстырды. Қатысушылардың арасында он жылдан бері ағаш өңдеумен айналысып келе жатқан шебер де бар.
Әлішер Ауталипов, «Қазақстанның үздік тауары» көрмесінің қатысушысы
Ағаш бұйымдары, ағаш ойындары, жиналмалы стол мен орындық, тағы басқа да ағаш өнімдерін жасаймыз. Көрмеде жеңілдікпен сатып алуға болады. Ойнап, көріп кәдімгідей. Біз 2016 жылдан бастап жұмыс жасаймыз. Ұжымда 3 адам бар. Өзім ағашпен жұмыс жасаймын, документпен жұмыс істейтін қызметкер бар, оборот жүргізетін.
Байқау қорытындысында үш аталым бойынша тоғыз кәсіпорын жеңімпаз атанып, республикалық кезеңге жолдама алады.
Тимур Жаркенов, «Атамекен» ҚР ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары
Павлодарлық кәсіпкерлердің жұмысы ерекше әсер қалдырды. Өнімдердің сапасы жоғары, кәсіпкерлікке деген көзқарастары да айқын байқалады. Олар өндірісті де, өнімді өткізуді де тиімді ұйымдастыра алған. Кәсіпкерге қажетті негізгі қасиеттердің барлығы қалыптасқан. Сондықтан бұл кәсіпорындардың болашағына сенімім мол.
Бұл жобалар жергілікті өндірісті қолдап, өңір кәсіпкерлерінің жаңа нарыққа шығуына, тәжірибе алмасуына және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады. Жыл сайын көрмеге қатысушылар саны артып, жаңа өндірістер мен тың жобалар көбейіп келеді.
Сабина Жолдаспаева