Негізгі Жаңалықтар Поштадағы күнделікті еңбек

Поштадағы күнделікті еңбек

Хұснихат, құнды сәлемдеме. Пошта қызметі ғасырлар бойы адамдар арасындағы аманатты жеткізіп келеді. 9 қазан – дүниежүзілік пошта күніне орай, біз осы саланың қыр-сырын терең меңгерген маманның бір жұмыс күніне үңілдік. Шынар Косыбаева үшін поштадағы қызмет неліктен кәсіби жолына айналды? Алдағы материалға зер салыңыздар! 


Шынар Косыбаева еңбек жолын облыстық пошта бөлімшесінен бастаған. Бүгінде ол жеткізу бөлімінде қызмет атқарып, күн сайын келіп түсетін сәлемдемелерді өз иелеріне уақытылы жетуіне атсалысып жүр. Мамандығының жауапкершілігі мол болғанымен, кейіпкеріміз бұл жұмысты жүрек қалауымен атқаратынын айтады. Пошта саласына келуіне отбасындағы өнеге де әсер еткен. Жұбайы да осы бағытта еңбек еткен. Қазір төрт бала тәрбиелеп отырған Шынар өз таңдауын осылайша кәсіби тәжірибемен ұштастырып келеді.

Шынар Косыбаева, «Қазпошта» АҚ Павлодар облыстық филиалының жеткізу бөлімінің маманы

Жұмыс күнім таңғы 9дан басталады. Бізге жан-жақтан, еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті шетелден сәлемдемелер, тапсырыстар мен хаттар келеді. Соны біз осы Павлодар облысы бойынша ауылды мекендерге, бөлімшелерге жібереміз. Негізі мұнда кездейсоқ келдім. Алайда, осында келгеніме өкінбеймін. Өйткені осында жұмыс істеп жүргенімде берері мол болды. Көптеген жетісікке жеттім осы жерде. 

Күн сайынғы жұмыс мұқияттылық пен ұқыптылықты талап етеді. Себебі әр жөнелтілімнің артында оны күтіп отырған адам бар. Бөлімдегі мамандар алдымен келген заттарды бағыттарына қарай реттеп, кейін тиісті учаскелерге жолдайды. Шынар Косыбаеваның айтуынша, ұжымдағы тәжірибелі қызметкерлерден үйренер тағылымы мол. Ал жылдар өте пошта қызметінің өзі де жаңа мүмкіндіктермен толығып келеді. 

Шынар Косыбаева, «Қазпошта» АҚ Павлодар облыстық филиалының жеткізу бөлімінің маманы

Қазір өзіңіз білесіз, интернет дүкендер пайда болды. Көптеген тауарлар адамдарға қазпошта арқылы жетеді. Бұл үлкен жэетістік деп ойлаймын. Осы сәлемдемелерді қазпоштаның КАЗПОСТ мәзірі арқылы қарап отыруға болады. Келген сәлемдеме, хат болсын біздің бөлімшеге келген күні, өзінің иесіне сол күні табысталады. 

Цифрландыру дәуірінде пошта қызметінің мазмұны да өзгеріп келеді. Бүгінде бұл тек хат-хабар алмасатын орын емес, ел ішіндегі сауда мен байланысты қамтамасыз ететін маңызды қызметтердің бірі. Ал оның тұрақты жұмыс істеуі әр буындағы маманның жауапкершілігіне байланысты.Кейіпкеріміз үшін Пошта күні осы еңбектің қадірін сезінетін ерекше күн.

Шынар Косыбаева, «Қазпошта» АҚ Павлодар облыстық филиалының жеткізу бөлімінің маманы

Жалпы осы күнді біз күтеміз. Өйткені бұл біздің төл, кәсіби мерекеміз. Осы күні әріптестеріме еңбектеріне табыс, мықты денсаулық, отбасыларына амандық тілеймін. Күндері жақсы жаңалықтан бастасын. Еңбектің арқасында биіктен көріне берсін. 

Бес жылдық еңбек жолында Шынар Косыбаева үшін бұл сала қызмет орнынан әлдеқайда маңызды ұғымға айналған. Поштадағы тұрақты еңбегі оған кәсіби тұрғыда тәжірибе жинап қана қоймай, өмірлік мақсаттарына жетуге де мүмкіндік берген. Бүгінде төрт баланың анасы үшін сүйікті ісі мен отбасының берекесі қатар өріліп келеді.


Сабина Жолдаспаева 


Бөлісу