Оқушылар экологиялық мәселелерді шешу жолдарын ұсынды
Павлодарда «Жас экорепортер» облыстық байқауы өтті. Оқушылар қандай экологиялық мәселелерді назарға алды және оларды қалай шешуге тырысты? Әріптесім баяндайды.
Байқаудың басты мақсаты – оқушыларға табиғатты қорғау ісінің маңызын терең ұғындыру. Сайыс қатысушыларының видеорепортаж түсіріп, онда нақты бір экологиялық түйткілді ашып көрсетуі тиіс болды.
Жұлдыз Абаильдинова, «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының бөлім меңгерушісі
Олар өз елді мекенінің экологиялық мәселелерін қозғайды, мысалы, табиғаттың ластануын, қоқыс жинаудың жай-күйін және бұл іске өздерінің қалай атсалысып жүргенін көрсетеді. Оған қоса, біз қатысушылардың, әсіресе облыстық кезең жеңімпаздарының, телеарналардан көрініп, сюжетінде көтерген өңірлік немесе республикалық деңгейдегі экологиялық мәселелер туралы көпшілікке айтып беруіне жағдай жасалғанын қаладық.
Аудандық және қалалық кезең жеңімпаздары атанған 8-10 сыныптарың 87 оқушысы сайыстың үш бағыты бойынша жобаларын дайындап әкелген. Мәселен, Ақтоғай ауданынан келген жеткіншектер ескі арналардың толып қалу тақырыбын таңдап, оны шешу жолдарын қарастырған.
Айсұлтан Ерғалиев, Абай атындағы ЖОББМ 8-сынып оқушысы
Кім ауылда тұрады, сенокос деген бар. Сонда бір жылы бізде шөп өспей қалды. Себебі ескі арна толып, лай мен батпақпен толып кетеді де, шөп өспей қалады. Сонда мен атамнан сұрадым «Ол мәселе қайдан шықты? Қалай пайда болды?» деп. Атам маған айтты ол бізде ескі арнамыз шөппен тығыз байланысты болғандықтан, шөп өспеді. Содан кейін мен Райымбек мұғалім деген мұғалім бар, сол мұғалімнен сұрай бастадым «Қалай шешуге болады?» деп. Сол мұғалім мәселені көтерді және біздің СТЕМ командасы «Steel mind» деген маған сол мәсенені шешуге көмектесті. Сонымен біз «River clear» земснарядын ойлап таптық.
Балалардың айтуынша, бұл жобаны жүзеге асыру бірден бірнеше өзекті мәселені шешуге көмектесе алады.
Айсұлтан Ерғалиев, Абай атындағы ЖОББМ 8-сынып оқушысы
Ескі арна толып кетсе, біріншіден, су жинау алабы азаяды. Екіншіден, ескі арна тазаланса, балық шаруашылығы дамиды. Үшіншіден, ескі арна таза болса, мал шаруашылығы да дамиды.
Өскелең ұрпақтың табиғатқа деген жанашырлығы мен осындай тың бастамалары экологиялық мәдениеттің деңгейін айқын көрсетеді. Бастысы – байқау аяқталғанымен, жас экобелсенділердің ізгі істері мен ізденістері әлі де жалғаса бермек.
Жұлдыз Қабылденова