Негізгі Жаңалықтар Күзгі табиғаттан туған туындылар

Күзгі табиғаттан туған туындылар

Күзгі жапырақтар мен ағаш бұтақтары балалардың қолында ерекше туындыларға айналды. Павлодардағы Оқушылар сарайында «Адал азамат» жобасы аясында «Күзгі асар» облыстық жәрмеңке-көрмесі өтті. Оған балалар мен ата-аналар қатысып, табиғи материалдардан жасаған жұмыстарын ұсынды.


Көрме төрінен 120 шығармашылық жұмыс орын алды. Әр туындының өзіндік ерекшелігі бар. Бірі күзгі жапырақтардан әсем композиция жасаса, енді бірі бүр, дән мен бұтақтарды пайдаланып, ерекше сәндік бұйымдар құрастырған. Балалар табиғи материалдардың көмегімен өз қиялдарын жүзеге асырып, жаңа идеяларын ортаға салды. Жұмыстардың барлығы аудандық және қалалық кезеңдерде іріктеліп, облыстық көрмеге жолданған. 

Әсем Айыпова, М.Катаев атындағы оқушылар сарайының әдіскері

Бүгін оқушылар сарайында күзгі асар облыстық көрмесі өтіп жатыр. Бұл көрме Адал Азамат бағдарламасы аясында өтіп жатыр. Әр жұмыстар бұл күздің қоңыр, әдемі, ғажап табиғаттың көрінісі. Біздің көрменің ерекшелігі балалар мен ата-аналардың ортақ жұмысы. Қазіргі таңда балаға өте көп көңіо бөлу керек. біздің басты мақсатымыз олардың бірлескен жұмысы. Жәрмеңкеде осындай жұмыстарды көруге болады. 

Көрме балалардың шығармашылық қабілетін дамытып, табиғи материалдардан жаңа бұйымдар жасауға деген қызығушылығын арттырды. Шарада облыстың барлық аудандары мен қалаларынан жиналған 500-ден астам қатысушы өз еңбектері арқылы күздің әсемдігін көрсетті.

Даниил Тимофеев, қатысушы

Мен бүгін көрмеге келдім. Маған мұнда өте ұнады. Өзім бұйым жасаған жоқпын, біздің топтағы балалардың бірі жасаған екен. Келесі жолы мен де осындай бұйым жасап көргім келеді. 

Аделя Тайлакова, қатысушы

Мен қолдан түрлі бұйымдар жасаймын. Кейде маған әпкем көмектеседі. Өзім жасаған бұйымды да осындай көрмеге қойып, басқа балалардың тамашалағанын қалаймын.

Көрмеге балабақша тәрбиеленушілерінен бастап, жалпы білім беретін, арнайы және мамандандырылған мектептердің оқушыларына дейін қатысты. Әр жұмыстан баланың ізденісі мен қиялын, табиғатқа деген қызығушылығын байқауға болады. «Күзгі асар» балалардың шығармашылық қабілетін шыңдап, ата-аналармен бірге пайдалы әрі мазмұнды уақыт өткізуіне мүмкіндік берді.


Сабина Жолдаспаева 



Бөлісу