Еңбек адамының мүддесі үшін
Еңбекақының лайықты төленуі, жұмыс орнындағы қауіпсіздік, гендерлік теңдік. Осы және өзге де мәселелер Павлодар облыстық кәсіподақтар үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысында талқыланды. Кездесу Кәсіподақтар үйінде Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы мен Біріккен Ұлттар Ұйымы өкілдерінің қатысуымен өтті.
Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы шамамен 2 миллион адамның басын қосқан. Негізгі міндеті – жұмыскерлердің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау, сондай-ақ олардың заңды мүдделерін жеткізу.
Гүлнар Жұмагелдиева, ҚР кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары
Біз барлық өңірде аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерін құрғанбыз. Қазақстан Республикасының Үкіметімен және жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктерімен әлеуметтік әріптестік орнатқанбыз. Біз әр үш жыл сайын ең маңызды құжат – Бас келісімге қол қоямыз. Онда жұмыскерлердің құқықтарына қатысты барлық маңызды мәселе қамтылады. Атап айтқанда, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, еңбекақы төлеу, жұмыспен қамту, гендерлік теңдік, жастарды қолдау және басқа да мәселелер қарастырылған.
Бүгінде кәсіподақтардың дәстүрлі міндеттеріне цифрландыру мен жасанды интеллектінің дамуына байланысты жаңа міндеттер қосылуда. Өңірдегі ірі кәсіподақ бірлестіктерінің бірі білім және ғылым саласы қызметкерлерінің мүддесін қорғайды. Олар үшін педагогтерге жедел қолдау көрсетуге, еңбек құқықтарын қорғауға және өзекті ақпарат ұсынуға мүмкіндік беретін цифрлық құралдар белсенді түрде енгізілуде. Мамандардың пікірінше, мұндай қызметтерді дамытуға ерекше назар аударып, қаржы салу қажет.
Гүлбарам Наурызбаева, Павлодар облыстық білім беру, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағының төрайымы
Пандемияның шарықтау кезеңінде кәсіподақ мүшелерінің қатарын сақтап қалу және оларға жедел көмек көрсету мақсатында ұялы қосымша әзірледік. Бүгінде бұл ұялы қосымшаны 19 мыңнан астам адам пайдаланады. Қазір біз жұмысты одан әрі жалғастырып жатырмыз. Неліктен? Өйткені кәсіподақ мүшелерінің жанынан тәулік бойы табылуымыз керек. Бұған дейін де айтқанымдай, Telegram-бот әзірлеуге кірістік. Қазірдің өзінде оның бірнеше нұсқасы дайын. Сонымен қатар жаңа сайт әзірлеп жатырмыз. Бұл сайтта сұрақтарға жасанды интеллект жауап береді. Осының барлығы бүгінде цифрлық экожүйені қалыптастырып отыр. Мұның бәрі жасанды интеллект дәуірінде еңбек адамының нақты көмек алуына бағытталған.
Отырыс барысында гендерлік теңдік мәселесі де талқыланды. Кәсіподақтар жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғаумен қатар, кәсіби салада ерлер мен әйелдерге тең мүмкіндік берілуін қолдайды.
Раушан Даумова, Павлодар облыстық кәсіподақтар аумақтық бірлестігінің гендерлік комиссиясының төрайымы
Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының бесіншісі гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталғаны қуантады. Гендерлік теңдік – қоғамның тұрақты дамуының міндетті шарты. Ең бастысы, ол – еңбек адамының құқықтарын қорғаудың маңызды құрамдас бөлігі. Біз де осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Өйткені зауыттардағы жағдайды өздеріңіз де көріп отырсыздар. Мұнда отырған азаматтардың кейбірінің жасы 60-70-ке келген. Кәсіпорындардағы жағдайдың қандай екенін елестетіп көріңіздер. Біз, әйелдер, жуыну бөлмелеріне, киім ауыстыратын орындарға және санитарлық-тұрмыстық жағдайларға бақылау жүргіземіз. Яғни әйелдерімізге қолайлы жағдай жасауға тырысамыз. Жұмыс орындарында олардың тоңбай, жайлы ортада еңбек етіп, қамқорлықты сезінуі біз үшін маңызды.
Отырысқа Қазақстандағы БҰҰ-ның Тұрақты үйлестірушісі де қатысты. Оның айтуынша, кәсіподақтармен ынтымақтастық тұрақты даму бағдарламаларын әзірлеу кезінде жұмыскерлердің нақты қажеттіліктерін ескеруге мүмкіндік береді.
Саранго Раднарагча, Қазақстандағы БҰҰ-ның тұрақты үйлестірушісі
Біз Қазақстан Кәсіподақтар федерациясымен және еліміздің әртүрлі облыстарындағы аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерімен тығыз ынтымақтастық орнаттық. Павлодар облысына екінші рет келіп отырмын. Өте жақсы әрі пайдалы пікірталас өтті. Бұл біз үшін, Біріккен Ұлттар Ұйымы үшін маңызды. Себебі биыл БҰҰ мен Қазақстан Үкіметі арасындағы ынтымақтастықтың жаңа негіздемелік бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Сондықтан айтылған барлық ұсыныстар мен әлі де шешімін таппаған мәселелер осы бағдарламаны алдағы уақытта жүзеге асыруға үлкен септігін тигізеді.
Осылайша, отырысқа қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, алдағы ынтымақтастықты және кәсіподақ қозғалысының өзекті міндеттерін талқылады. Кездесу соңында кәсіби мерекеге орай бірқатар кәсіподақ өкілі марапатталды.
Александра Алябьева