Айтылды-орындалды: облыстық аурухананы жаңғырту
Айтылды — орындалды! Жыл басынан бері елімізде облыстық көпбейінді ауруханаларды жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Павлодарда осы жоба аясында облыстық ауруханада жаңа пульмонология және гастроэнтерология бөлімшелері ашылды. Бұл пациенттерге бейінді медициналық көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.
20 орынға арналған бұл бөлімше ашыла салысымен іші пацинеттерге бірден толды. Себебі асқазан, ішек, бүйрек ауруларына шалдыққан адамдар саны күрт артты дейді мамандар. Сұранысқа сәйкес бөлімше жеке құрылым ретінде ашылды.
Зәмзәгүл Смағұлова, Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың гастроэнтерология бөлімінің меңгерушісі
Өңірде осындай бейінді бөлімше болған емес. Соңғы уақытта облыста ойық жаралы колит пен Крон ауруына шалдыққан науқастар саны артып, олардың саны 700-ден асты. Бұған дейін олар терапиялық бөлімшелерде ем қабылдап келген. Енді жеке бөлімшенің ашылуына байланысты пациенттер арнайы жерде білікті медициналық көмек ала алады. Бөлімшеде бауыр циррозы, ойық жаралы колит, Крон ауруы және созылмалы панкреатитпен ауыратын науқастар емделеді.
Бөлімше заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Ультрадыбыстық зерттеу аппараты, эндоскопия, фиброскан бар. Сондай-ақ физиотерапия бөлімі жұмыс істейді. Науқастарға плазмаферез процедурасы жасалады. 70 жастағы Павлодар қаласының тұрғыны Нұрлығайын Ахметова жылына екі рет ауруханаға жатып ем қабылдайды.
Сондай-ақ облыстық аурухана негізінде пульмонология бөлімшесі құрылды. 20 адамды қабылдайтын арнайы медициналық мекемеде өкпенің созылмалы дертіне шалдыққан пацинеттер емделеді.
Екі бөлімше де заманға сай медициналық жабдықтармен қамтылған. Ал дәрігерлер үнемі халықаралық тәжірибеден өтіп, біліктіліктерін жетілдіріп отырады.
Әйгерім Тоқпанқызы