Тілдер айлығы қорытындыланды
Облыс орталығында «Тіл – достық құралы» атты этнофестиваль өтті. Іс-шара барысында мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту мәселесі сөз болып, өңірде тіл саясатының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бір топ азамат марапатқа ие болды.
Биыл тілдер айлығы аясында облысымызда бес жүзге жуық іс-шара өткен. Танымдық кездесулер, дөңгелек үстелдер, байқаулар мен жиындардың қорытындысы «Тіл – достық құралы» фестивалінде жасалды.
Медет Тауасқан, Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы
Тіл – расында да, ұлттардың бөлінуіне емес, сол ұлттардың бірігіп, бір шаңырақта өмір сүруіне, жағдай жасап, дос болуына, түсінісуіне деген үлкен құрал. Облыс әкімінің қолдауымен Достық үйі кедергісіз жұмысын жүргізп жатыр. Барлық ұлт өкілдерінің тілдерінің оқытылуына, тілдерінің үйренілуіне ешқандай кедергі жоқ және де мемлекеттік тілді үйренуге мемлекет барынша жағдай жасап, кем дегенде сексен миллионнан артық қаажат жылына жұмсалып жатыр. Сол мақсатта бізде биылғы жылдың қорытындысы бойынша, екі жарым мың адам тегін мемлекеттік тілді үйренеді деген мақсатымыз бар.
Фестивальде тіл жанашырлары марапатталды. Мәселен, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамотасына ие болғандардың қатарында Ертіс ауданының ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алтынай Тілеуова бар.
Алтынай Тілеуова, Ертіс ауданы ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы
Тіл жанашыры», «Тіл – достық құралы» деген фестивальдер, «Мен қазақша сөйлеймін» акциясы және ауданымызда тегін қазақ тілін оқыту курстары өткізілуде. Осында да жыл сайын қатысушылардың саны көбеюде, оның ішінде – өзге ұлт өкілдері. Үш жылдың статистикасына сүйенетін болсақ, 2024 жылы жетпіс бес адам оқытылған, оның ішінде отызы өзге ұлт болған. Биыл сексеннен астам адам курстан оқытып шықтық, оның ішінде қырық үші – өзге ұлт өкілдері, елу пайыздан аса.
Май ауданында да мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге көңіл бөлініп, түрлі іс-шара ұйымдастырылады.
Жайрангүл Рахманбергенова, Май ауданы ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы
Май ауданы он бір елдімекеннен тұрады. Барлық елдімекеннің атауы – қазақша. Ауданымызда тоқсан пайыздан жоғары барлық ұлт өкілдері қазақ тілінде сөйлейді. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында тамыз айында «Тіл – асыл қазына» атты семинар өтті. Осы семинарда барлық мемлекеттік мекеме қызметкерлері, кітапханашылар, сосын кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтарымыз қатысып, осы ономастика саласында, тіл мәселесі саласында жарнамаларды орфография саласынан дұрыс жазу – соған көңіл бөлініп, жақсы семинар өтті.
Фестиваль концерттік бағдарламамен жалғасты. Мұнда Алаш қайраткерлеріне арналған сахналық қойылым ұсынылды, сондай-ақ этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары мен Торайғыров университетінің әншілері мен бишілері өнер көрсетті.
Жұлдыз Қабылденова