Қыстың көзі қырауда қала тұрғындары таза ауада демалғанды жөн көреді. Алайда шаңғы базалары бар болғанымен, халыққа қызмет көрсетіп жатқаны шамалы. Қала тұрғындарының айтуынша, шаңғыны жалға беру қарастырылмаған.

Өңіріміздің шыңылтыр қысында салауатты өмір салтын ұстанатын қала тұрғындары жыл сайын қысқы спортпен белсене айналысады. Бұл үшін Усолка және Ертіс өзендерінің жағасында шаңғы базалары орналасқан. Алайда, қала тұрғындары биыл аталмыш базада шаңғыны жалға алып тебу мүмкіндігі жоқ деп шағымданып отыр. Осы мәселеге қатысты жауаптылар жауап қатты.

Еркін Мәкешев, балалар мен жасөспірімдер спорт орталығының меңгерушісі:

Негізі біздің шаңғы базамыз жаттығу өткізуге арналған. Облыста, қалада секциялар бар шаңғыдан соларға шаңғы алаңынан дайындаймыз. Біздегі шаңғыдарды өздерінің шаңғылары жетпесе бізден алады, тебеді. Ал жалға беру біздің мекемеде көрсетілмеген. Өйткені оған кассир керек, шаңғы беретін адам керек. Бұрын болатын. Қазір бізде жоқ. Басқа мекемеміз.

База қызметкерлері қала тұрғындарынан шағым түскенінен хабарсыз. Бірақ адамдар келіп, қызуғышылық танытып жатады, дейді күзетшілер. Алайда, база тек кәсіби спортышларға ғана қарастырылған. Мектеп немесе басқа да мекемелер шаңғыға қатысты шара ұйымдастыруды жоспарлап отырса, спорт бөліміне хат жазып ғана мүмкіндік ала алады.

Еркін Мәкешев, балалар мен жасөспірімдер спорт орталығының меңгерушісі:

Негізі мекемелер, мектептер, заводтар хат жазады біздің спорт бөліміне. Біз қанша шаңғы бар сонша береміз. Сондай мекемеге шаңғы базасын дайындаймыз.

Шаңғы базасында барлығы 30-ға жуық шаңғы бар. Алдағы уақытта спорт құралдарына қаржы бөлінсе, тұрғындарға жалға беру жағдайын қарастыруға болады дейді орталық меңгеруішісі. Алайда, бұл сұрақ қашан шешілетіні әлі де белгісіз.

Ақмаржан Қалымбек