Екібастұз қаласында жылу желілерін жөндеп, қалпына келтіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Кеншілер қаласына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі әлеуметтік нысандарды аралап, қала тұрғындарымен тілдесті.

Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Екібастұз қаласына барды. Жылумен жабдықтау параметрлерінің төмендеуіне байланысты тиісті жылу деңгейінсіз қалған № 7 мектепте болды. Жағдайды жақсарту үшін қаңтар айының ортасында М. Жүсіп пен Кеншілер көшелеріндегі жылу желілерін жөндеу аяқталды. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде мектептегі температура 17-19-дан 18-23 градусқа дейін артты.

Асайын Байханов әлеуметтік нысандарға ерекше назар аударуды тапсырды. Сондай-ақ, облыс әкімі Кеншілер, Молодежная және Гридин көшелеріндегі жылу желілерін жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Бүгінде жылу желілеріндегі 130-дан астам зақым жойылды, 23 ақау бойынша жұмыстар жүріп жатыр.

Жөндеу жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Кеншілер қаласының коммуналдық қызметтерінен бөлек, апат орындарында облыс орталығынан келген авариялық бригадалар бар. Асайын Байханов қала тұрғындарымен де тілдесті.

Қаланы аралап шыққаннан кейін өңір басшысы жедел штаб отырысын өткізді.

Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі:

Жөндеу жұмыстарын жалғастыру керек. Уақытында аяқтайтындай. Көктемгі жөндеу жұмыстарының дайындықтарын назарға алу керек. Жоспарын бекіту керек. Бастысы - қажет құжаттарды дер уақытта дайын болу үшін жағдай жасау керек.

Асайын Байханов жөндеу жұмыстары аяқталған учаскелерді қалпына келтіру қажеттігін атап өтті. Осыған ұқсас 40-қа жуық учаске әлі күнге дейін ретке келтірілмеген. Облыс әкімі қаңтар айының соңына дейін жұмыстарды аяқтауды тапсырды. Талаптар орындалмаған жағдайда коммуналдық қызметшілерге қатысты әкімшілік шара қолданылмақ.

Аяулым Рахымжанова