Павлодар теміржол вокзалында жиырма жылға жуық жөндеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Жақын арада қандай өзгерістер болмақ? Аймақ басшысы теміржол вокзалының ғимаратын қайта құру және іргелес аумақты абаттандыру бойынша көшпелі кеңес өткізді.

Ауданы бес мың шаршы метрден асатын Павлодар теміржол вокзалының ғимараты 42 жыл бұрын салынған. Күн сайын пойыздар 9 бағыт бойынша жолға шығады. Онда 1500-ден астам адам қызмет алады. Ал, бүгінде ғимарат жөңдеуді қажет етеді. Соңғы рет 2004-2005 жылдары жүргізілген. Уақыт өте келе бұл нысан заманауи талаптар мен нормаларға сәйкес келмейді. Ғимараттың қасбетін, күту залдарын, кассалық залды, жарықтандыруды, жолаушылар платформаларын жөндеу қажет.

Облыс әкімі мұндай ауқымды жұмыстарды жоспарлау кезінде барлық жәйттарды ескеру қажет екенін, қарт адамдарға және азаматтардың басқа да санаттарына ыңғайлы болу үшін лифт орнату мүмкіндігін қарастыру қажеттілігін атап өтті.

Өңір басшысы жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ, Асайын Байханов тұрғындар көп шағым түсірген ақпараттық табло жұмысының мәселесін шешуді жүктеді.

Теміржол вокзалы ғимаратының жанында Новосібір, Томск, Барнаул, Омбы, Қарасұқ, сондай-ақ Нұр-сұлтан, Қарағанды, Семей және Өскемен қалаларына және жергілікті бағыттар бойынша автобустар қатынайды.

Ақпан айының соңына дейін жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы сапаржай мен оған іргелес аумақты реконструкциялауды жүргізудің түзетілген жоспарын ұсынуы қажет.

Аяулым Рахымжанова