Мейірімділікке жаны толы оқушылар қайырымдылық концертін ұйымдастырды. Жүректен жүрекке деп аталатын шара кішкентай бүлдіршіннің еміне көмек беруге бағытталған.

Павлодар қаласының көшбасшы мектептері ерекше қойылым арқылы қайырымдылық шарасын өткізді. Театрландырылған ән шашу концертінде Дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназия, облыстық көпсалалы мектеп интернаты, ер балалар мен қыз балаларға арналған Білім инновация лицейі мен №25 ЖОББМ талантты оқушылары өнер көрсетті.

Бағда Әділханқызы, Абай атындағы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

Балалардың атынан маған ұсыныс түсті. Осы шарамызда әженің рөлін ойнап берсеңіз деп. Қуана қуана келістім. Бұл шараның негізгі мақсаты да, мазмұны да көмекке мұқтаж адамға балалардың жүрегімен, балалардың қалауымен қайырымдылық жасау акциясы болды.

Оқушылардың негізгі мақсаты көмекке мұқтаж кішкентай баланың еміне қаражат жинау. Жұдырықтай жұмылған жас буын бұл шараға бір ай дайындалып, оны жоғары деңгейде өткізді.

Ділназ Мұзафар, №25 ЖОББМ оқушысы:

Бұл концертті екі ағалы ініге арнадық. Өйткені олардың қазіргі жағдайы, анасының жағдайына қарап, оларға тырысып жүрміз. Осындай концертті жасап қаражат жинап, бүгінде осындай күнге жетіп жүрміз.

Мұхтар Нұрмахан, білім инновация лицейінің оқушысы:

Концертке дейін бізде көптеген қиыншылықтар болды. Былай болып қалса қалай болады деп. Өте керемет деңгейде жеткіздік. Бұл концерттің басты мақсаты. Бүлдіршінге жинай мақсатында болды. Біз осы мақсатымызға жете білдік.

Талантты жас ұрпақ өткен жылдарға саяхат жасаған. Сахнада ескі де есті әндерден бастап қазіргі заманауи әуендер шырқалды.

Дарынды мектеп оқушылары 200 мың теңгеге жуық қаражат жинаған. Бұл көмек мұқтаж отбасыға табысталады.

Мөлдір Сағидолла