Павлодарда «Халық қаһарманы» Мейіржан Аймановты еске алуға арналған кіші футболдан турнир өтті. Спорттық додаға еліміздің ішкі істер органдарында қызмет атқарып жүрген мамандар қатысты. Әріптесім баяндасын.

Бейбіт күннің батырын еске алуға арналған спорттық шара алғаш рет өткізіліп жатыр. Ауқымды турнирде 10 құрама бақ сынасты.

Қайрат Шаймерденов, Павлодар облысы ТЖД бастығының орынбасары:

Мейіржан Айманов мен үшін тек «Халық қаһарманы» ғана емес, милиция мектебінде бірге білім алдық, курсант болдық. Көзі тірісінде Тараз облысы Өрт сөндіру қызметі бастығының орынбасары болған азамат. Бүгін оқу орталығымен бірлесе отырып тамаша шараны ұйымдастырып отырмыз. Кеше муралдың, ал бүгін ІІМ бөлімшелерінің арасында кіші футболдан турнирдің ашылуы өтіп жатыр.

Айтулы шараға халық қаһарманы - Мейіржан Аймановтың туған-туыстары да келді.

Өміржан Айманов, Мейіржан Аймановтың ағасы:

Ұйымдастырушыларға, Қылмыстық-атқару комитетінің Оқу орталығы және Павлодар облысы ТЖД-не алғысымды білдіремін. «Халық қаһарманы атанған» бауырымның есімі ұмыт болмау үшін осындай іс-шара ұйымдастырылып жатыр. Отбасымызбен қуаныштымыз. Кеше мурал да ашылды. Павлодар – біз үшін екінші туған жеріміз деуге болады. Себебі бұл шаһарда бауырым екеуіміздің курсанттық шағымыз өтті.

Байрақты жарыс шаһарымызда 70-ке жуық қатысушының басын қосты. Еліміздің ішкі істер саласында қызмет атқарып жүрген мамандар бұл күні өздерін кәсіби спортшы ретінде көрсете білді.

Естеріңізге сала кетейік, азаматтық қорғау полковнигі Мейіржан Айманов әскери бөлім аумағындағы оқ-дәрілер жарылысы салдарынан болған қайғылы оқиғада қызметтік борышын орындау кезінде ерлікпен қаза тапты. Ол өзінің кәсібилігі мен қайсарлығының арқасында 2 қызметтесін ажалдан арашалап қалды. Оқиға маңыңда орналасқан 3 елді мекеннің 710 тұрғынын Тараз қаласына эвакуациялады. Бейбіт күннің батыры есімі ел жадында жанқияр ерліктің символы болып қалары сөзсіз.

Ақмаржан Қалымбек