Екібастұз қалалық аймағына қарасты Бесқауға ауылында жылқылардан қауіпті кесел анықталды. Сол сеебпті елді мекенде карантин жарияланды. Толығырақ тілшіміз баяндайды.
Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, 14 ақпанда Екібастұз ауылдық аймағының Бесқауға ауылындағы шаруа қожалықтардың бірінде 1 бас жылқы өлгені тіркелген. Эпизоотиялық лимфангит не сақау ауруларын болдырмау үшін қан сынамасы зертханаға жіберілген. Зертхана кеселді растады. Сол себепті Қоянды ауылдық округі әкімінің қаулысымен 20 ақпаннан бастап, карантин енгізу туралы қаулы қабылданды.
Ветеринарлық-санитарлық ережелерге сәйкес ауру жұқтырған малдар өртеу жолымен жойылады. Ветеринария басқармасының маманы Екібастұз қаласында жануарлардың өліктерін өртейтін арнайы қондырғының жұмыс істейтінін айтты. Ал мертіккен мал иелеріне өтемақы беріледі.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, карантин соңғы ауру малдың көзі жойылған күннен бастап үш ай өткен соң алынып тасталады. Ал малдан кесел анықталған жағдайда, карантиндік шаралардың мерзімі ұзарады.
Жұлдыз Қабылденова