Қазақстанда 90 жастан асқан 36 мыңнан астам адам бар. Олардың 2 мыңнан астамы біздің өңірде тұрады екен. Сондай-ақ, ұзақ жасаушылардың саны бойынша әйелдер ерлерден үш есе көп. Мұның сыры неде? Тілші материалынан көрейік.
Статистикаға сүйенсек, елімізде 90 жастан асқан 36 мың адам бар. Оның ішінде 26 мыңнан астамы әйелдер, ал 10 мыңдайы ерлер. 90 жастан асқан адамдар саны бойынша Алматы қаласы, Қостанай облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Қарағанды облысы және Алматы облысы алда келеді. Павлодар өңірінде 2039 адам бар, солардың бірі Нина Астахова.
НИНА АСТАХОВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Енді дауысым біршама қарлыққан, бірақ ән айтқан өзіме ұнайды. Дауысыма емес, осы жаста ән салып отырғаныма қызығады.
Ол өз өмірінде көп нәрсені көрген жан. Тыл еңбеккері соғыстың отты жылдарын әлі де естен шығармаған. Небәрі 16 жасынан бастап астық тасуға көмектескен.
НИНА АСТАХОВА, ТЫЛ ЕҢБЕККЕРІ
Соғыс кезіңде әрине еңбек етуден қашпадық. 1942 жылы Шалдайға атамның қолына келдім, мұнда орман шаруашылығында жұмыс істедім. Ол кезде қазіргідей орман шаруашылығы емес, лесхоз деген атау болды. Ағаш кесіп, үгіндісін де таситынмын. Жас болсам да, барлығын істей алдым.
Зейнеткердің ата-бабалары да ұзақ жасаған екен, сондықтан белгілі бір құпия жоқ екенін айтады. Ал, геронтолог дәрігерде генетика өмір ұзақтығына әсер етеді деген пікірді растайды. Сонымен қатар, салауатты өмір салты, жеке хоббилер де өмір ұзақтығына ықпал етеді.
ДИЛЬНАЗ АЗАМАТОВА, ГЕРОНТОЛОГ
Қазақстанда көбіне ер адамдар барлық жағымсыз ойларды іште сақтап, күйзелісте жүреді. Оны шешу үшін, мысалы, психологқа бармайды. Ерлер қауымы мәселелерін өте көп айта бермейді, ондай жағдай сирек кездеседі.
Дәрігердің пікірінше, әйелдердің қоғамға белсене қатысуы олардың эмоционалдық жүктемесін жеңілдетеді. Сондай-ақ, қарт әйелдерге ұзақ өмір сүруге көмек көрсететін орталықтар да бар. Онда олар замандас азаматтармен танысып, ортақ қызығушылықтар пайда болады. Айта кетейік, мамандардың пайымдауынша Йога мен скандинавиялық серуендердің де пайдасы ерекше.
ЕЛЕНА КОВАЛЁВА, БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР СҮРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ
Сабақтар 60 минутқа созылады. Және, міне, осы уақыт ішінде спортпен ешқашан айналыспаған адамдар да бұл жаттығуларды жасай алады. Олар осылайша өмірлерін ұзартады. Олар қарым-қатынасын өзгертеді, бір-біріне көбірек көңіл бөледі, бір-біріне қолдау көрсетеді, мұның пайдасы да зор.
Медициналық мамандар денсаулығыңызға күтім жасауды мүмкіндігінше ертерек бастаған сайын, ұзақ өмір сүруге деген мүмкіндік те жоғары болатынын айтады. Тұрақты физикалық белсенділік, дұрыс тамақтану, эмоционалдық тұрақтылық ұзақ және толыққанды өмір сүруге септігін тигізеді.
Қымбат Садық